«Екі шұжық пен бір тілім нан»: Өртті бірнеше күн сөндірген құтқарушылардың тамағы дау тудырды

17.07.2026 19:16 Қарақат АСЫЛОВА
«Екі шұжық пен бір тілім нан»: Өртті бірнеше күн сөндірген құтқарушылардың тамағы дау тудырды
177
Фото: ТЖМ

Ақмола облысының Степногорск қаласы маңындағы ірі дала өртін бірнеше күн бойы ауыздықтаған құтқарушылардың еңбек жағдайы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі Ulysmedia.kz-ке сілтемемен.

Жергілікті тұрғындар өрт сөндірушілердің тиісті деңгейде тамақтандырылмағанын айтып, мәселе көтерді.

Желіде тараған мәліметке сәйкес, табиғи апатпен күрескен кейбір мамандарға тек екі шұжық пен бір тілім нан ғана берілген. Ал кейбіріне мүлде ас жетпегені айтылған. Осыған байланысты құтқарушылар бірнеше күн бойы тек ауызсумен шектелуге мәжбүр болды деген пікірлер жарияланды.

Алайда Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, табиғи өрттерді сөндіруге жұмылдырылған қызметкерлер құрғақ азық-түлік жиынтығымен және ауызсумен тұрақты қамтамасыз етілген.

Өз кезегінде жергілікті әкімдік өрт сөндірушілерге ыстық тамақ, ауызсу және қажетті жағдайдың бәрі жасалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ жеке құрам үшін қосымша ыстық тағам мен сусындар ұйымдастырылғанын хабарлады.

Дегенмен әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбаларда екі шұжық пен бір тілім наннан тұратын ас үлесі көрсетілген. Ал әкімдік мәлімдеген ыстық тамақтың берілгенін растайтын фото немесе бейнематериалдар әзірге ұсынылған жоқ.

Еске салсақ, Степногорск маңындағы ірі дала өрті 16 шілдеде оқшауланған болатын. Тілсіз жаумен күреске шамамен 300 адам, 55 техника және ТЖМ авиациясы жұмылдырылып, әуеден ондаған тонна су төгілген.

Войдите, чтобы оставить комментарий