Екібастұзда ерекше балаға күш көрсеткен жаттықтырушы рақымшылыққа ілікті

09.09.2026 10:45 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Екібастұзда ерекше балаға күш көрсеткен жаттықтырушы рақымшылыққа ілікті
275
Фото: Бейнеден алынған скрин

Павлодар облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 20 жастағы жаттықтырушыға үкім шығарды, деп хабарлайды Politico.kz порталы «Наша жизнь» порталына сілтемемен.

Сот мәліметінше, Екібастұздағы түзету орталығында ерекше балаға қатыгездік көрсеткен ер адам рақымшылыққа ілініп, негізгі жазадан босатылды.

Оқиға 2025 жылдың 24 қазанында Екібастұз қаласындағы балалар түзету орталығында болған. Зардап шеккен қыздың анасы желіде бейнежазба жариялап, бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Кадрларда орталықта іс-тәжірибеден өтіп жүрген колледж студенті бейімделу дене шынықтыру сабағын өткізіп жатқаны көрінеді. Ол кішкентай қыздың аяқтарын қысып, еденде сүйреп, тіпті ұрып жіберген.

Ата-анасының пайымдауынша, осы әрекеттерден кейін дамуында ерекшелігі бар қыз жарақат алып, кәрі жілігі шытынаған. Жәбірленушінің анасы Самал Нұрашева оқиғадан соң баланың дамуы қатты кері кеткенін айтты. Қыз бала ер адамдардан қорқатын болған және түнгі ұйқысы бұзылған. Айтуынша, осылайша бірнеше жылдық оңалту шаралары мен жұмсалған қаражат далаға кетті.

Ер адамға кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттерді лайықсыз орындау және қатыгездік көрсету бабымен айып тағылды. Бұл қылмысы үшін оған 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы төніп тұрған болатын. Жәбірленуші тарап 10 млн теңге көлемінде моральдық шығын өндіру туралы азаматтық талап арыз түсірді.

2026 жылғы 8 қыркүйекте судья Жұлдыз Камалова айыпталушының бас бостандығын бір жылға шектеу туралы үкім оқыды. Алайда, 2026 жылғы 1 шілдедегі рақымшылық актісіне сәйкес, сотталушы негізгі жазасын өтеуден босатылды. Істі қарау барысында ол өз кінәсін мүлдем мойындамаған.

Негізгі жаза алынып тасталғанымен, сот шешімі ер адамға үш жыл бойы педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салды. Бұған қоса, ол жәбірленушінің отбасына келесідей төлемдер жасауға міндеттелді:

• моральдық шығын үшін – 500 мың теңге;

• адвокаттардың қызметіне жұмсалған шығын – 1 млн 350 мың теңге.

«Шынымды айтсам, көңіл-күйім түсіп кетті, өйткені рақымшылық қолданыла берсе, мұндай қылмыстар жалғаса береді деп санаймын. Азаматтық талап арызға келсек, осы бір жыл ішінде адвокаттардың қызметіне жұмсаған шығындарым өтелетініне қанағаттандым. Әрине, қызыма келтірілген моральдық зиянды 500 мың теңгемен бағалай алмаймын. Дамуымыз қатты кері кетті, болған оқиғадан кейін баланың денсаулығына байланысты үш айлық үзіліс жасауға мәжбүр болдық, ұйқыға қатысты мәселелер әлі де жалғасуда. Ана ретінде қызым өміріндегі осы бір қорқынышты сәтті ұмытуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамын. Болашақта бізді тек жақсылық күтеді деп үміттенемін», – деді зардап шеккен қыздың анасы Самал Нұрашева.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий