Екібастұздан жаһандық нарыққа: Қазақстанда ірі цифрлық хаб құрылады

17.04.2026 16:27 Арман Ермеков
Екібастұздан жаһандық нарыққа: Қазақстанда ірі цифрлық хаб құрылады
82
Қазақстанда алып деректер орталығы салынады | Фото: Үкімет

Екібастұз қаласында әлемдік алпауыт компанияларды тартатын ірі деректерді өңдеу орталығы салынады, бұл жоба Қазақстанды аймақтағы басты цифрлық хабқа айналдырмақ, деп хабарлайды Politico.kz.

Премьер-министр Олжас Бектенов президенттің тапсырмасымен Екібастұзда қолға алынған «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасының барысын тексерді. Жиынға жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин қатысты.

Қазіргі уақытта бұл жоба үшін арнайы жер телімдері бөлініп, негізгі келісімдер жасалған. Сонымен қатар инфрақұрылымды электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында қуаттылығы 215 МВт болатын қосалқы станса сатып алынды. Шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін жарыққа жеңілдетілген тариф бекітіліп, арнайы салықтық жеңілдіктер қарастырылып отыр.

Жиында халықаралық технологиялық компанияларды тарту бағытында үлкен жұмыс жүріп жатқаны айтылды. Қазір АҚШ, Қытай және Үндістаннан келген 20-дан астам ірі компаниямен келіссөз жүргізілген. Олар негізінен жасанды интеллект, бұлтты есептеу және үлкен деректерді өңдеу саласында жұмыс істейді. Бұл алпауыттар қазірдің өзінде 100 МВт қуатқа сұраныс беріп қойған.

Жалпы алғанда жаңа орталықтың әлеуеті 1 ГВт деңгейіне дейін жетеді және ол тек ірі клиенттерді орналастыруға арналған. Үкімет басшысы жауапты тұлғаларға жобаға қатысты қажетті шешімдерді тездетіп қабылдауды және барлық жұмысты уақытында аяқтауды тапсырды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий