«Екінші әйелімді шәкіртіме сыйладым»: Даулы мәлімдемеден кейін имам жазаланды

29.03.2026 10:24 Қарақат АСЫЛОВА
«Екінші әйелімді шәкіртіме сыйладым»: Даулы мәлімдемеден кейін имам жазаланды
358
Алматыда өзін имам ретінде таныстырған ер адамға айыппұл салынды

Алматыда өзін имам ретінде таныстырған Ахмет Құрбанәлі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол бұған дейін берген сұхбатында екінші әйелін өз шәкіртіне сыйлағанын айтқан. Сұхбат барысында ол үшінші, жас әйел алғанын, ал екінші жұбайы басқа адамға тұрмысқа шығуға өзі келіскенін мәлімдеген. Оның айтуынша, әйеліне шәкірттерінің бірін таңдауды ұсынған.

Аталған жағдайдан кейін Алматы қаласының полициясы тексеру жүргізіп, бұл азаматтың ресми діни қызметкерлер қатарына жатпайтынын анықтады. Құзырлы органдар оның айтқан сөздері Қазақстан заңнамасына қайшы екенін және қоғамға кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

Осыған байланысты ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 490-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, 25 айлық есептік көрсеткіш (108 125 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

Сонымен қатар, сұхбатты жариялаған журналист те жауапкершілікке тартылды. Полиция өкілдерінің айтуынша, заңға қайшы мазмұндағы ақпаратты тарату да құқықбұзушылық болып саналады.

Еске салайық, Қазақстанда көпәйел алуға заңмен тыйым салынған. Сондай-ақ, діни некені (неке қиюды) өткізу үшін міндетті түрде АХАТ органдарында тіркелген неке куәлігі болуы қажет.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий