Ақтөбеде билік митинг өткізуге келісім берді
Ақтөбе әкімдігі 3 желтоқсанда өтетін бейбіт митингті келісіп берді. Жиналғандар әлеуметтік мәселелерді, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауды және демократиялық реформаларды талқыламақ, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы құқық қорғаушы Мұсағали Дауылов Facebook парақшасында хабарлады.
Митинг Астана ауданындағы «Авиатор» саябағында сағат 10:00-ден 11:55-ке дейін өтеді.
Дауыловтың айтуынша, митингтің 3 желтоқсанға белгіленуі кездейсоқ емес. Бұл күні Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні атап өтіледі.
«Біздің мақсатымыз елдегі адам қадірі мен әлеуметтік әділдікке қатысты мәселелерді ашық, заңды әрі өркениетті түрде көтеру», деп жазды құқық қорғаушы.
Митингке қатысушылар мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта қалыптастыруды, инклюзивті білім беруді және сапалы медициналық көмекті қамтамасыз етуді талап етпек. Оңалту қызметтері мен әлеуметтік жәрдемақылар мәселесі де көтеріледі.
Жиналғандар еңбек етуге тең мүмкіндік жасауды, лайықты жалақы мен қолжетімді баспана мәселесін талқылауды жоспарлап отыр.
Соңғы жаңалықтар