Экс-әкім Анарбек Орманның отбасы су нысандарын басқару құқығынан айырылды

20.03.2026 15:04 Арман Ермеков
Экс-әкім Анарбек Орманның отбасы су нысандарын басқару құқығынан айырылды
212
Фото: "Су ресурстары - Маркетинг" ЖШС

Шымкент әкімдігі қаланың стратегиялық су нысандарын мемлекет меншігіне қайтару бойынша сотта түпкілікті жеңіске жетті, деп хабарлайды Politico.kz.

Апелляциялық инстанция қаланың су жүйесін басқарып келген бұрынғы әкім Анарбек Орманның отбасына тиесілі «Су ресурстары - Маркетинг» серіктестігінің шағымын қанағаттандырмай, алғашқы сот шешімін күшінде қалдырды.

Еске сала кетейік, тоқсаныншы жылдары шаһардың су арнасы бөлшектеніп, кейін жекешелендіруге берілген болатын. Бұл мекеменің басшылығына 1995-1997 жылдары Шымкентті басқарған Анарбек Орман келген. Ол басқарған компания 1998 жылдан бері жеке құрылым ретінде қызмет етіп, бүкіл қала халқының 98 пайызын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған.

Стратегиялық нысанды жеке қолға беру кезінде бірқатар өрескел заң бұзушылыққа жол берілгені анықталды. Салаға жауапты басқарма басшысының сөзінше бүкіл бір өңірдің су жүйесі бір адамның қолында болғандықтан, халық төлеген тариф есебінен ешқандай техникалық қажеттілігі жоқ құны 541 миллион теңге тұратын құбыр салынған. Осы деректер негізінде жергілікті билік Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның тапсырмасына сәйкес сотқа жүгінген.

Былтыр, 2025 жылы Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты су нысандарын жекешелендіруді жарамсыз деп тауып, оларды мемлекетке қайтару туралы шешім шығарған еді. Бұған келіспеген серіктестік басшылығы жоғары сатыға шағым түсіргенімен, сот алқасы оны қанағаттандырудан бас тартты. Осылайша экс-әкімнің отбасы кәсіпорынды басқару құқығынан толықтай айырылды.

Әкімдік өкілдері бұл даудың қатардағы шаруашылық мәселесі емес екенін, оның қаланың экологиясы мен санитарлық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін жеткізді. Мемлекетке қайтарылған нысандағы жұмыс орындары толық сақталып, жүйе бұрынғы қалыпты режимде жұмыс істей береді. Ал қаржылық міндеттемелердің барлығы заңға сай орындалып, кәсіпорын қауіпсіздік пен бақылауға алынатын болады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий