Экс-депутат Бақытжан Базарбектің ісіне белгілі адвокат араласты
Адвокат Арман Оразбақов адвокат ретінде экс-депутат Бақытжан Базарбекті қорғайтын болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы адвокаттың өзі әлеуметтік желідегі жазбасында айтты.
«Бүгін мен адвокат ретінде экс депутат Бақытжан Базарбектің жол-көлік оқиғасына байланысты ісі бойынша қорғауына кірістім. Осы мәселеге байланысты бүгін Жамбыл облысы прокуратурасының басшылығы қабылдады. Заңдылық пен әділдік – басты ұстанымымыз!» – дейді ол.
Жол апаты қалай болды?
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғаны хабарланған еді.
Апат Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговой ауылының маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, осы жол учаскесінде көлік малды қағып кеткен. Жолда қалған жануардың өлексесін алып тастау үшін бір азамат көлігінен түскен.
Осы кезде оны Бақытжан Базарбек басқарған Toyota көлігі қағып кеткені айтылған. Жол апатынан азамат ауыр жарақат алған.
Оқиғадан кейін экс-депутат алғаш рет мәлімдеме жасап, істің қазіргі уақытта тергеліп жатқанын айтты. Осыған байланысты жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын ашық жариялай алмайтынын жеткізді.
Бақытжан Базарбек көпшілікті тергеу қорытындысын күтпей тұрып, оқиғаға қатысты асығыс пікір білдірмеуге және нақты дерекке сүйенуге шақырды.
Арада бір ай өткен соң зардап шеккен Нұржігіт комадан оянып, жол апатынан 31 күннен кейін ауруханадан шықты.
Соңғы жаңалықтар