Хат бар, хабар жоқ: Қызылорда облысында 26 жастағы қойшыны іздеп жатыр
Қызылорда облысында 26 жастағы қойшы хат қалдырып, жұмбақ жағдайда жоғалып кетті, деп хабарлайды Politico.kz 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Жанболат Байділләұлы есімді азамат өз жазбасында бетперде киген адамдардың жылдар бойы қысым көрсетіп, ақша бопсалағанын айтқан. Сондай-ақ бірдеңе болса, кінәлі адамдардың аты-жөнiн де нақты атап көрсеткен.
Бұл оқиға осыдан үш апта бұрын Жаңақорған ауданына қарасты Қосүйеңкі ауылында болған. 26 жастағы жігіт ол жаққа нәпақа табу үшін төрт жыл бұрын кеткен екен.
Ата-анасының айтуынша, алғашында мал иелері оның жалақысын уақытылы төлеп тұрған. Бірақ соңғы кезде түрлі сылтаулар айтып, қарым-қатынастары өзгергенін байқапты. Қойшы үйіне екі-үш айда бір рет келіп, көп аялдамай кері қайтатын болған.
Тамыздың 31-і күні Жанболат сыныптасына хабарлама жіберіп, құранның ішінде хат қалдырғанын айтқан.
Екі параққа жазылған жазбаны оқыған ата-анасы дереу жайлауға барғанымен, ұлдарын таба алмаған. Олар жігітті әлдекімдер құлдықта ұстап отыруы мүмкін деп қауіптенеді. Себебі ол жастайынан мал бағуға және қара жұмысқа епті болған.
«Жуас бала. Осы жерде жұп-жуас болып аман-есен аманат қылып алып кеткен. Аманатқа қиянат жасап отыр енді өздері. Біледі егелері. Өлмейді ол, өлмейді өзі келеді, өзі қашып кеткен деп отыр олар. Жиені бар қасында. Менің баламның атынан миллион кредит алған», – деді жоғалған жігіттің анасы Мейрамгүл Жаңжарық.
Туыстары полицияның жұмысына көңілдері толмай, іздеу жұмыстарына өздері де кіріскен. Олар 9 қыркүйек күні ауылдан екі Газель мен бірнеше мотоцикл жалдап, тау-тасты тінтіп шыққан.
Жора-жолдастары мен ағайындары жиналып, екі дронмен де қарапты. Бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқ.
Жігіттің әкесі Байділлә Жаңжарықтың сөзіне қарағанда, баласының телефоны алдымен Шымкенттегі Датқа ауылында, кейін Қарабұлақта қосылғаны байқалған.
Ал Жаңақорған ауданы полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов іздеу жұмыстарына ішкі істер органдарының жеке құрамы, төтенше жағдайлар қызметкерлері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар тартылғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, іздестіру шараларына арнайы иттер, дрондар және сүңгуірлер де қатысып жатыр. Қазіргі уақытта жедел топтар құрылып, облыс аумағында жұмыс жалғасуда. Жақындары 21 күннен бері хабар-ошарсыз кеткен ұлдарының аман-есен оралуын тілеп отыр.
Соңғы жаңалықтар