Алматы облысында жоғалған 17-дегі қыз Қарағандыдағы балабақшадан табылды

22.09.2026 10:33 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Алматы облысында жоғалған 17-дегі қыз Қарағандыдағы балабақшадан табылды
361
Фото: Бейнеден кадр
Бір жарым ай ізделген қыз Қарағандыда жұмыс істеп жүрген.

Алматы облысында үйінен кеткен 17 жастағы Ясмина бір жарым айдан кейін Қарағандыдағы жекеменшік балабақшадан табылды. Ол сонда жұмыс істеп жүрген. Қыз отбасына оралған соң, ата-анасына айыппұл салынды, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Арнайы комиссия жасөспірімнің үйден кету себебін анықтауға тырысқан. Ясминаның айтуынша, ол өз бетінше тұрып көргісі келген. Ата-анасы оқуын жалғастыруын қалағанымен, өзінің оқуға ықыласы болмаған.

— Өзімнен де қателік болды. Хабарласқым келіп жүрдім, сағынып, кішкене ішімнен қиналып. Эфирді көргеннен кейін түрткі болды. Сонымен хабарластым. Қазір жағдайым жақсы, ата-анаммен тұрғым келеді, — дейді қыз.

Ясмина үйінен ата-анасы ұйықтап жатқанда шығып кеткен. Қазір онымен психологтар жұмыс істеп жатыр. Қыз тігінші болуды армандайтынын айтқан. Шенеуніктер оған қажетті құрал-жабдықтарды алып беруге, жоғары білім алуына жағдай жасауға уәде еткен.

Алматы облысының бала құқығын қорғау басқармасы құқықтық сүйемелдеу және әдістемелік қамту бөлімінің бас маманы Мадияр Шараповтың айтуынша, қыздың дені сау. Ясмина өзіне ешкім қысым көрсетпегенін, еркіне қарсы әрекет жасалмағанын айтқан.

Шарапов заңды өкілдермен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, мұндай жұмыс бұған дейін де болғанын жеткізді. Алдағы уақытта анасынан не өзге заңды өкілінен рұқсат алып, қызға психологиялық көмек көрсету жалғаспақ.

Арнайы комиссия ата-анамен түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Отбасы бақылауға алынған.

Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосовтың айтуынша, мамандар қыздың да, отбасының да жағдайын тұрақты қадағалайды. Ясминаны кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастыру мәселесі де қаралуы мүмкін. Бірақ мұндай шешім әлі қабылданбаған: ол комиссия мәселені жан-жақты талқылап, қажет деп тапқан жағдайда ғана жүзеге аспақ.

Войдите, чтобы оставить комментарий