Экс-депутат Қайрат Балабиев Шымкенттегі педуниверситетті басқарады

16.07.2026 15:49 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Экс-депутат Қайрат Балабиев Шымкенттегі педуниверситетті басқарады
229
Фото: Жұмабеков Жаслан

Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жаңа ректоры болып Мәжілістің бұрынғы депутаты әрі заң ғылымдарының докторы Қайрат Балабиев тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.

1965 жылы туған Қайрат Балабиев алғашқы білімін Қарағанды мемлекеттік университетінде заңгер мамандығы бойынша алса, кейін Оңтүстік Қазақстан ашық университетінде қаржы және несие саласын меңгерген. Ол өзінің еңбек жолын 1990 жылы Шымкент қаласы Дзержинский аудандық прокуратурасында тағылымдамадан өтуші ретінде бастап, кейінгі жылдары Мақтаарал ауданы мен Шымкент қаласының прокуроры, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары прокурорының орынбасары сияқты жауапты лауазымдарды атқарған.

Прокуратура органдарындағы көпжылдық қызметінен кейін ол ғылыми және білім беру саласына ауысып, Қазақ гуманитарлық-заң университеті мен Халықтар достығы инженерлік-педагогикалық университетінде басшылық қызметтер атқарып, студенттерге дәріс оқыды. Саяси мансабында Балабиев 2016 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан, кейін Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы болып қызмет етсе, ал 2023 жылдың наурызында AMANAT партиясынан 8-ші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланған.

Журналист Дмитрий Шишкиннің зерттеуіне сүйенсек, Қайрат Балабиевтің отбасы кәсіпкерлікпен өте белсенді айналысады. Оның жұбайы Қарлығаш Бекбосынова мен 5 баласы Шымкент, Алматы қалалары және Түркістан облысы аумағындағы фитнес-клубтарға, жекеменшік мектеп пен балабақшаға, автовокзал мен қонақүйлерге, сондай-ақ мейрамханалар мен өндірістік фабрикаларға иелік етеді. Бұдан бөлек экс-депутаттың үлкен ұлы Нұрсұлтан Балабиев Шымкент қалалық мәслихатының депутаты қызметін атқарса, өзге балалары да отбасылық кәсіпті сауда және жылжымайтын мүлік салаларында табысты басқарып отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий