Экс-депутат заңсыз алған миллиондаған теңгеге әйелінің атына бағалы қағаздар сатып алған

03.07.2026 13:40 Қарақат АСЫЛОВА
Экс-депутат заңсыз алған миллиондаған теңгеге әйелінің атына бағалы қағаздар сатып алған
188
ЖИ арқылы жасалған сурет

Алматы облысында ауыл шаруашылығына бөлінген 2,6 млрд теңгеден астам субсидияны жымқырды деген күдікпен Қарасай аудандық мәслихатының экс-депутаты мен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Тергеу мәліметінше, мемлекеттік субсидиялау тетіктерін жетік білген бұрынғы депутат Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы 29 шаруа қожалығы арқылы элиталық таңқурай көшеттерін сатып алу туралы жалған құжаттар жасаған.

Іс жүзінде ешқандай көшет жеткізілмеген, ал құжатта көрсетілген кейбір шаруашылықтардың таңқурай өсіруге тіпті мүмкіндігі де болмаған.

Заңсыз алынған қаражаттың 491 млн теңгесіне күдікті әйелінің атына брокерлік шот ашып, бағалы қағаздар сатып алса, тағы 400 млн теңгені «iSolutions Capital» микроқаржы ұйымы арқылы кезең-кезеңімен қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұған қоса, жымқырылған қаржының 170 млн теңгесін Қонаев қаласындағы казинода құмар ойындарға жұмсағаны анықталды.

Қазіргі таңда сот санкциясымен үш күдікті қамауға алынып, олардың 4 пәтеріне, 3 көлігіне, жеке тұрғын үйі мен бағалы қағаздарына тыйым салынды.

Войдите, чтобы оставить комментарий