Елде алаяқтықпен күреске бағытталған жаңа құрылым пайда болды
Қазақстанда қылмыстық қауіптер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы құрылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Жаңа орталық Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің құрылымына кіреді. Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 18 сәуірден бастап Комитетке заңнамалық түрде жаңа функция болжамдық-талдамалық қызмет жүктелді. Бұл бағыт мемлекеттік органдарға ұсынымдар әзірлеуді де қамтиды.
Орталық жүргізген талдау нәтижесінде алаяқтық қоңыраулардың басым бөлігі мессенджерлер, әсіресе WhatsApp арқылы жүзеге асатыны анықталған. Бұл қылмыскерлердің дәстүрлі байланыс арналарының шегінен шығып, интернет-платформаларға көшкенін көрсетеді.
Сонымен қатар, орталық 18 жаңа киберқауіпті анықтады. Олардың қатарында шетелден қолданылатын SMS-бластер құрылғылары (байланыс операторларын айналып өтіп жаппай хабарлама тарату), фишингтік шабуылдар, дипфейк технологиялары, жалған нөмірлер мен тіркелмеген SIM-карталарды пайдалану секілді тәсілдер бар.
Бас прокурор Берік Асылов жиын барысында халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ол қаржы ұйымдары, байланыс операторлары мен онлайн-платформалардың клиенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша жауапкершілігін арттыру маңызды екенін айтты.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі де қылмыскерлердің заманауи технологияларды белсенді қолдана бастағанын хабарлаған. Атап айтқанда, олар телефон нөмірлерін ауыстырып көрсету және дауысты өзгерту әдістерін пайдаланып, азаматтарды оңай алдауға тырысуда.
Соңғы жаңалықтар