Елімізде балалардың әлеуметтік желіге кіруін шектейтін заң жобасы талқыланып жатыр
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева үкімет отырысында балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Министрдің сөзінше, тиісті түзетулер қазірдің өзінде дайындалып, қоғамдық талқылау сатысында тұр.
«Атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желіге қолжетімділігін шектеу мәселесі қарастырылып жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі онлайн-платформалар мен масс-медианың қызметін реттейтін заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар әзірлеген. Бұл өзгерістер сараптамалық бағалаудан өтіп, қоғамдық талқылауға шығарылады», – деді Балаева үкімет отырысында.
Сондай-ақ министр жас шектеулерін бұзу жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін атап өтті.
«Оқу-ағарту министрлігі және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, пайдаланушылардың жасын тексеру тетіктерін әзірлеу және жауапкершілік шараларын қарастыру жоспарланып отыр. Қажет болған жағдайда жауапкершілік шараларын енгізу де қарастырылады.Сонымен қатар, халықтың медиасауаттылығын арттыру және тәуелсіз, сапалы контентті қолдау мәселесіне ерекше назар аударылады», – деді Аида Балаева.
Соңғы жаңалықтар