Елімізде ең қымбат нан Қонаев пен Алматыда сатылуда

09.07.2026 11:33 Қарақат АСЫЛОВА
Елімізде ең қымбат нан Қонаев пен Алматыда сатылуда
161
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда бірінші сұрыпты ұннан пісірілетін әлеуметтік нанның бағасы бір жылда 4,2%-ға өсті. Бұл туралы Energyprom.kz мониторинг агенттігі хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, нан бағасы басқа әлеуметтік тауарларға қарағанда тезірек қымбаттаған. Бағаның ең жоғары өсімі Семейде 13%, Павлодарда 12,9% және Ақтөбеде 12,5% деңгейінде тіркелді. Алматы, Жезқазған және Ақтау қалаларында да өсім жоғары болды. Керісінше, Көкшетау қаласы бұл өнім бағасы 8,7%-ға арзандаған жалғыз аймақ атанды.

Еліміз бойынша әлеуметтік нанның орташа бағасы келісіне 229 теңгені құрап отыр. Ең қымбат нан Қонаев қаласында сатылады, онда баға 347 теңгеге жеткен. Алматы мен Жезқазған да ең қымбат қалалардың қатарында. Ал ең арзан нанды Орал мен Шымкент тұрғындары 185–187 теңгеден сатып алады. Елордада баға орташа көрсеткіштен төмен болып, 212 теңге деңгейінде қалыптасты.

Нан өндірісінде де аз-маз төмендеу бар. Биылғы бес айда елде 204,3 мың тонна өнім шығарылды, бұл былтырғыдан 0,3%-ға аз. Түркістан облысы мен Алматы қаласы өндіріс бойынша көш бастап тұрса, Ұлытау мен Қарағанды өңірлерінде өнім көлемі айтарлықтай қысқарған.

Статистикаға сәйкес, әрбір қазақстандық тоқсанына орташа есеппен 9,6 кг нан жейді, оның 6 кг жуығы әлеуметтік нанға тиесілі. Бұл өнімді қала тұрғындарына қарағанда ауыл халқы әлдеқайда көп тұтынатыны анықталды.

Войдите, чтобы оставить комментарий