Енді полицейлер формаларын шешіп қарапайым көлікке отырды
Алматыда тәртіп сақшылары қарапайым киім киіп, арнайы белгісі жоқ көліктермен жол ережесін бұзған жүргізушілерді жасырын түрде ұстай бастады, деп хабарлайды Politico.kz.
Алматы қаласында ішкі істер органдары жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасырын патрульдеу форматын іске қосты. Бұл жаңа әдіс бойынша тәртіп сақшылары қарапайым киіммен және ешқандай полиция белгісі жоқ көліктермен жалпы ағында жүріп қызмет атқарады.
«Негізгі мақсат – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін анықтау, әсіресе агрессивті жүргізу фактілерін әшкерелеу. Олардың қатарында күрт жолақ ауыстыру, "шахмат" тәсілімен жүру, басқа көліктерді қысып өту және апаттық жағдайлар туындату секілді қауіпті әрекеттер бар. Аталған құқық бұзушылықтарды тіркей отырып, жасырын патрульдер ақпаратты нақты уақыт режимінде жақын маңдағы патрульдік полиция экипаждарына жолдайды. Кейін сол экипаждар көлікті тоқтатып, жүргізушіні заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартады», — делінген хабарламадан.
Тәртіп сақшылары бұл тәжірибенің тиімділігін айтып отыр. Тек өткен демалыс күндерінің өзінде Алматы көшелерінде агрессивті жүргізудің 28 дерегі анықталып, барлық құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылды. Жасырын патрульдеуді енгізу көлік апаттарының санын азайтуға бағытталған.
«Жасырын патрульдеу – көзге бірден түсе бермейтін өрескел құқық бұзушылықтарды анықтаудың тиімді құралы. Полиция қызметкерлері жалпы көлік ағынында жүріп, жүргізушілердің нақты мінез-құлқын бақылайды. Әсіресе агрессивті жүргізу, шахмат тәсілімен жүру, күрт маневр жасау және өзге де қауіпті әрекеттер басты назарда. Мұндай фактілер жедел түрде жақын маңдағы экипаждарға жеткізіліп, тиісті шаралар қабылданады. Біздің міндет тек жауапкершілікке тарту ғана емес, қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыру», – деді қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
Айта кетейік, қалада сәуірдің 1-10 аралығында «Стоп-бұзушылық» операциясы өтіп жатыр.
Соңғы жаңалықтар