«Эпштейн ісіне қатысы бар»: Депутат Мәсімов пен Келімбетовті тексеруді талап етті
Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов Эпштейн ісі бойынша тексеру жүргізуді талап етті, деп хабарлайды Politico.kz.
Депутат Асхат Рахымжанов Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына депутаттық сауал жолдап, қазақстандық жоғары лауазымды тұлғалардың Джеффри Эпштейнмен ықтимал байланыстарына қатысты мәліметтерді мұқият тексеруді талап етті.
Депутаттың айтуынша, әлемде «Эпштейн файлдары» деп аталған құжаттардың жариялануына байланысты халықаралық деңгейдегі дау әлі де тоқтаған жоқ. Көптеген демократиялық мемлекеттерде бұл іске қатысты парламенттік тексерулер басталып, қылмыстық істер қозғалған. Осыған байланысты Қазақстан да бұл тақырыптан тыс қалмауы тиіс.
Асхат Рахымжанов «қазақстандық азаматтар ел тағдыры кімдердің қолында болғанын және ол күмәнді ортада саудаға салынбағанын білуге құқылы» екенін атап өтті.
Эпштейн құжаттарында Мәсімов пен Келімбетовтің есімдері аталған
Депутаттың мәлімдеуінше, жарияланған материалдарда «ескі Қазақстан» кезеңіне тиесілі бірқатар саяси тұлғалардың аты-жөні кездеседі. Соның ішінде мемлекетке опасыздық жасау және билікті басып алуға әрекеттену айыбы бойынша сотталған бұрынғы премьер-министр және ҰҚК-ның экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің есімі кемінде сегіз рет аталған.
Рахымжановтың сөзінше, құжаттарда Джеффри Эпштейн мен Кәрім Мәсімовтің жеке таныс болғаны ашық көрсетілген.
Сонымен қатар, депутат бұрын Ұлттық банк төрағасы қызметін атқарған Қайрат Келімбетовке де тоқталды. Шетелдік ақпарат құралдарында Эпштейн мен Келімбетовтің Нью-Йоркте бірге демалғаны туралы деректер жарияланған. Осы кездесулердің нақты мақсаты қандай болғаны қоғам үшін әлі де беймәлім.
Ұлттық қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық
Асхат Рахымжановтың айтуынша, хат-хабарлар мен материалдарда қазақстандық шенеуніктердің Эпштейнмен байланыстары, жеке кездесулері, сәлемдесулері және ортақ іс-шараларға қатысқаны жөнінде мәліметтер бар. Бұған қоса, құжаттарда «мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты жоғары лауазымды генерал» туралы да айтылған.
«Бұл кім?» – деп нақты сұрақ қойды депутат.
Сондай-ақ, жарияланған деректерге сәйкес, Джеффри Эпштейн Қазақстанға бірнеше рет келген болуы мүмкін. Алайда ашық жарияланған файлдар барлық байланысты толық қамтымауы ықтимал. Халықаралық басылымдарда АҚШ-та қаза тапқан қазақстандық модель Руслана Коршунованың есімінің аталуы да қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр.
Депутаттың негізгі талаптары
Асхат Рахымжанов өз депутаттық сауалында келесі талаптарды алға тартты:
- «Эпштейн файлдарында» аты аталған қазақстандық лауазымды тұлғалар мен оларға қатысты адамдар туралы мәліметтерді, сондай-ақ ықтимал кездесулердің сипаты мен мақсатын жан-жақты тексеру;
- басқа да қазақстандық саясаткерлердің, кәсіпкерлердің және шоу-бизнес өкілдерінің Джеффри Эпштейнмен байланысы болған-болмағанын анықтау;
- ұлттық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатерлерге, соның ішінде құпия ақпараттың сыртқа шығу қаупіне құқықтық баға беру;
- жүргізілген тексеру нәтижелері мен қабылданған шешімдер туралы Парламент пен қоғамды ресми түрде хабардар ету.
Эпштейн кім?
Джеффри Эпштейн — АҚШ-та кәмелетке толмағандарды жыныстық қанау бойынша халықаралық желі құрды деп айыпталған қаржыгер.
Тергеу деректеріне сәйкес, ол ықпалды саясаткерлер, бизнесмендер және элита өкілдері қатысқан кездесулер ұйымдастырған.
2019 жылы Эпштейн Нью-Йорктегі түрме камерасынан өлі күйінде табылды. Оның ісі әлемдік резонанс тудырды. Кейінірек жарияланған құжаттар — «Эпштейн файлдары» деп аталған материалдар — ықпалды тұлғалардың есімдері мен олардың байланыстарын әлі де әшкерелеп келеді.
2026 жылдың қаңтарында АҚШ Әділет министрлігі Джеффри Эпштейн ісіне қатысты үш миллионнан астам беттен тұратын материалдарды жария етті. Аталған құжаттарда жүздеген танымал тұлғалардың есімдері кездеседі, олардың қатарында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ұлыбритания королі Карл III-нің туған інісі — Эндрю ханзада да бар.
Соңғы жаңалықтар