Ербаян Мұхтар қайтыс болды

23.06.2026 23:21 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ербаян Мұхтар қайтыс болды
513

Алматыдағы әскери бөлімде ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт емделген сарбаз Ербаян Мұхтар Астанадағы ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.

Астанадағы Ұлттық шұғыл медицина орталығында жүрген сарбаздың анасы Гүлсім Қамиева қайғылы хабарды тілшімізге растады. Ол баласының денесі әлі жылы екенін және дәрігерлердің оны аппаратқа қоспай жатқанын қобалжи отырып жеткізді.

Еске салайық, Ербаян Мұхтар 2023 жылы Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөліміне мерзімді қызметке шақырылған. Сол жылдың 4 желтоқсанында ол басынан ауыр жарақат алып, ауруханаға ес-түссіз күйде түседі. Дәрігерлер оның миы шайқалып, желке сүйегі сынғанын анықтаған. Әскери бөлім басшылығы сарбаз дәретханада құлап қалды деп мәлімдегенімен, туыстары бұл нұсқамен келіспей, оның ауыр соққыға жығылғанын айтқан болатын. Осы оқиғадан кейін әскерилер арасындағы жарғылық қағидаларды бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, 2024 жылдың қазан айында ем жүргізген дәрігерлердің де әрекеті тексеріле бастады.

Жарты жыл бойы комада жатып, бірнеше күрделі отадан өткен сарбаз толықтай сал болып қалған еді. Қазақстандықтар оның еміне 220 млн теңгеден астам қаражат жинап берген соң, ол 2024 жылдың күзінде Түркияға оңалтуға жіберіледі. Алайда 2025 жылдың соңында елге оралған Ербаянның денсаулығы биыл мамыр айының соңында күрт нашарлап, Астанадағы Ұлттық үйлестіру шұғыл медицина орталығының жансақтау бөліміне түскен болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий