«Ерекше балалар жеңіл жүрісті аналардан туады» деген атышулы блогер туралы тағы бір дерек тарады
Әлеуметтік желіде Қостанай қаласында болған төбелестің видеосы тарады, деп хабарлайды Politico.kz.
Желідегі ақпаратқа сәйкес, оған ерекше балалардың аналарына тіл тигізген блогер қатысқан болуы мүмкін.
«Қостанайдан жолданған бұл видеодан екі әйел мен бір ер адам тағы бір әйелді соққыға жығып жатқанын көруге болады. Видео сипаттамасында сол төбелеске атышулы Gulnara.Blogger белсенді қатысқаны айтылған» – делінген Kozachkov offside Telegram-арнасында.
Өткен жылдың соңында ол «ерекше балалар жеңіл жүрісті өмір салтын ұстанатын аналардан туады» деген даулы мәлімдеме жасап, елдің назарын аударған еді».
Бұл оқиғаға өңірлік полиция департаменті түсініктеме берді. Полиция мәліметінше, 15 сәуір күні «102» нөміріне қаладағы төбелес туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері жанжалға қатысқан барлық адамды ұстап, бөлімшеге жеткізген.
«Алдын ала анықталғандай, екі қыз арасындағы жанжал әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында басталған. Кейін олар кездесіп, мәселені жеке шешпек болған, алайда ол төбелеске ұласқан», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу қорытындысы бойынша әр қатысушының әрекетіне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріліп, тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Еске сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Instagram желісінде Gulnara.Blogger лақап атымен танымал блогер Гүлнар Оразалинаның пікірі қазақстандықтардың наразылығын тудырған болатын. Ол видеоларының бірінде ауру балалардың дүниеге келу себептерін түсіндіруге тырысқан.
Себептердің бірі ретінде блогер ата-аналардың ретсіз жыныстық қатынасын атаған. Кейін Қазнеттегі сыннан соң, ол өз ұстанымын түсіндіретін бірнеше видео жариялады.
Айта кету керек, блогердің бұл пікірін көптеген танымал тұлғалар, соның ішінде әнші Дильназ Ахмадиева және өзге де инфлюенсерлер сынға алған.
Астана қаласының Полиция департаменті балалардың мүгедектігін ата-аналардың «күнәсімен» байланыстырған блогердің ұсталып, полицияға жеткізілгенін хабарлады. Кейін оған 78 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Соңғы жаңалықтар