Ересек баланың кешіруге болмайтын 6 қылығын біліңіз
«Балам ғой» деп бәріне көз жұмасыз ба? Ересек перзенттің кешіруге болмайтын 6 қылығы
Қазақта «балалы үй – базар» дейді, бірақ сол бала ер жеткенде ата-анасының қасіретіне айналса ше? Психологтардың пайымдауынша, шексіз ата-ана махаббаты кейде үлкен қателікке ұрындырады. Егер ересек ұл-қызыңыздың сыйластығын жоғалтқыңыз келмесе, мына әрекеттерге үзілді-кесілді тыйым салу қажет.
Мамандар: «Сүю – бұл бәріне шыдау деген сөз емес», – деп ескертеді. Балаңыз есейген соң, онымен қарым-қатынас шекарасын анықтап алмасаңыз, соңы өзіңізді құртып тынуы мүмкін.
1. Ауыр сөз және қорлау Егер ересек балаңыз сізге дауыс көтеруді, балағаттауды немесе қоқан-лоқы көрсетуді әдетке айналдырса – бұл жай ғана «жүйкесі сыр берді» деген сөз емес. Бұл – саналы таңдау. Сыйластық – қарым-қатынастың іргетасы. Өз перзентіңіз болса да, ешкімнің сізді «аяқ сүртінішке» айналдыруына жол бермеңіз.
2. Көпе-көрнеу өтірік айту «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам». Егер балаңыздың әңгімесінен үнемі ши шығып, жасырын қарыздары ашылып немесе сөзі ісіне сай келмесе – бұл дабыл қағатын сәт. Сенім шексіз емес. «Бәрі жақсы» деп өзіңізді алдағанды қойып, өтірікті қабылдамайтыныңызды ашық айтыңыз.
3. Қаржылық алаяқтық Кәмелетке толған баланың ата-анасының атына несие рәсімдеуі, рұқсатсыз картасын пайдалануы немесе үйдің заттарын сатып жіберуі – бұл еркелік емес, қылмыс. Мұны «шатасып қалды» деп ақтау – өз қауіпсіздігіңізге жасалған қастандық.
4. «Керек кезінде» ғана іздеу Айлап хабарласпайтын балаңыз тек ақша керек болғанда немесе басына іс түскенде ғана есігіңізді қаға ма? Бұл – сізді пайдаланудың нақ өзі. Сіз «құтқару қызметі» емессіз, ата-анасыз. Мұндай қарым-қатынас жанға жара салады және оны тоқтатуға құқығыңыз бар.
5. Мойынға мініп алу (Масылдық) Ата-ананың балаға қолұшын созуы – заңдылық. Бірақ бұл өмір бойы оны асырау деген сөз емес. Егер ересек адам өз бетінше өмір сүруге талпынбай, үнемі ақша сұрап, бермесеңіз ренжитін болса – шекара қоятын кез келді. Кейде нағыз қамқорлық – ақша беру емес, оны өз бетінше күн көруге үйрету.
6. Психологиялық қысым (Боспалау) «Егер мұны істемесең, сен жаман анасың/әкесің» немесе «Жұрттың ата-анасы баласына көлік әперіп жатыр» деген сөздер – манипуляцияның төресі. Психологияда мұны "газлайтинг" дейді, яғни сізді кінәлі сезіндіру арқылы өз дегенін істету. Мұндай айла-шарғыға ермеңіз.
Балаға «Мұның дұрыс емес, маған бұлай сөйлеме» деп айту – сіздің жаман ата-ана екеніңізді білдірмейді. Керісінше, бұл сіздің өз-өзіңізді сыйлайтыныңызды және балаңыздан да соны талап ететініңізді көрсетеді.
Соңғы жаңалықтар