«Еркектердің тестостероны түскен заман болды». Ауыпбаев полицияға не үшін шақырту алғанын айтты
«Меломан» тобының экс-солисі, танымал әнші Жігер Ауыпбаев көптен күткен «Көкжалдар рухы» бейнебаяны жарық көргеннен кейін полиция бөліміне арнайы шақырту алғанын айтты. Әнші құзырлы органдардың бұл әрекетін қоғамда іріткі тумауының және жастар арасында теріс ағымдардың өріс алмауының алдын алуға бағытталған сақтық шарасы деп санайды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында айтты.
«Осы әнге қатысты ойымды жеті жыл бойы ішімде пісіріп келдім. Түрлі адамдардың пікірін сұрап, іздендім. Айналып келгенде, «Көкжалдар рухы» әнінің мағынасынан заңға қайшы ештеңе таппадым. Барлығын саралап, ақылдасып көрдім. Негізінде, бұл әнге арнайы бейнебаян түсірген едім. Ол клипте Рыжий Алмаз, Баха Фестиваль, Сабыр Мүсілім, Талғат Атабаев сияқты 90-шы жылдардағы белгілі тұлғалардың суреттері мен сол кезеңнің бейнелері қолданылды», — деп түсіндірді Жігер Ауыпбаев.
Бұдан кейін өнер иесі құзырлы орган өкілдерінің алдында өзінің азаматтық ұстанымы мен туындысының түпкі идеясын қалай дәлелдеп, түсіндіргенін баяндап берді.
«Тексеруші тараптың бұлай шұқшия қарауы — үлкен ауқымдағы жұмыс сияқты. Олар: "Осы бейнебаян арқылы көшеде түрлі топтар көбейіп, жастар солардан үлгі алып кете ме" деген қауіппен қараған болуы мүмкін. Өз басым олардың бұл әрекетін тексеріп, жағдайдың алдын алу және жауап алу үшін жасалған қадам деп түсіндім. Десе де, мен өз позициямды барынша түсіндіріп айттым. Қазіргі заманда ер азаматтардың тестостероны төмендеп бара жатқандай көрінеді. Керісінше, әйел затына мүмкіндіктер көп берілуде. Ер азамат сәл басын көтеріп, пікірін ашық айта бастаса, бірден басып тастауға тырысады...» — деді өнер иесі.
Соңғы жаңалықтар