«Ерте-кеш кететінімізді Құдай ғана шешеді»: Жаман ауруға шалдыққан Назгүл Қарабалина қазіргі жағдайы туралы айтты
Театр актрисасы Назгүл Қарабалина журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында ауыр дертке шалдыққаны және одан қалай айыққаны туралы әңгімеледі. Актрисаның айтуынша, өзіне емделуге театр көп көмектескен, деп хабарлайды Politico.kz.
«Мен оның алдында ғана сондай бір дерттен енді ғана сауығып шығып жатқан болатынмын. Ремиссияға енді кіре берген кезде бұл жағдай тағы да қайталанды. Енді пендесің ғой, адамсың, әрине, ол жаныңа батады. Біз де қатып қалған темір емеспіз. Бірақ сол сәтте мен қайғыға салынып, үйде «аһ» ұрып, төсек тартып жатып қалмайтынымды білдім. Мен өнер адамымын, мені сахна қашан да көтеріп алатынын білетінмін. Оны әр театр актері де айтады: «Сахна сені қашан да иығына көтеріп әкетеді» дейді. Сондай сәтте мен сахнаға қайта оралдым. Сахнада рөл ойнап, жаңа образдар жасадым. Сөйтіп, шығармашылықпен айналысып жүрген кезде уақыттың қалай өткенін де байқамай қалдым. Ауыр қабылданатын өткір сәттер де олай қатты сезіле қойған жоқ. Себебі іштей: «Е, жарайды, мейлі. Менде ертең қойылымды тапсыру, ертең бас дайындық» деп, сондай бір қарбалас күйде жүргендіктен, былайша айтқанда, ол туралы ойлауға мұршам болмады. Мен нық сеніммен айта аламын: ол себептердің бәрін бір Алла өзі реттейді, кімді қалай емдеуді өзі біледі. Менің осылай тез емделіп, аяққа тұрып кетуіме бірден-бір себепкер болған нәрсе — ол сахна», — деді Назгүл Қарабалина.
Мұнымен қатар, актриса журналистің «Басыңызға келген Алланың сынағы ма, жазасы ма? Не үшін Алла адамға сынақ жібереді?» деген сұрағына жауап берді.
«Бір сәтте бүкіл өмірің көз алдыңнан өте шығады. «Бүгінгі күнге дейін не істедім? Кімге қиянат жасап қойдым, біреудің жолын кесіп өттім бе әлде біреуге артық сөз айтып қалдым ба?» деген сауалдар көз алдыңда көлбеңдейді. Әке-шешең, жолдасың, балаң көз алдыңа келеді. Жалпы, өзім сезімге көп беріле бермейтін адаммын. Сол сәтте мен: «Бұлай істеуге болмайды. Мен мынаған айта алмаймын, ал мынаған айтамын» деп тез шешім қабылдадым да, директорға барып, рөл бастап кеттім. Барлығын жылдам шешіп, жұмысқа көшіп кеттім. Бәлкім, сол кезде бір сәт тоқтап, тек сол туралы ойланып, төсек тартып жатып қалғанымда, ауру мені жеңіп те кетер ме еді? Іштей біраз нәрсені ойласам да, қасымдағы адамдарға мұңымды шағып, қайғырып жүргенімді көрсетпеймін. Жалпы, көпшілік алдында көп жылай алмаймын, бірақ жалғыз қалған сәтте жылап алуым да мүмкін. Мен, сірә, мінезі сәл қаттырақ адам шығармын... Біздер «мынау маған берілген сынақ» деп қана айтамыз, ал ол саған берілген жаза болуы да мүмкін ғой. Былайша айтқанда, менің оған нақты бір пәтуалы жауап айтуға құқығым да жоқ шығар. Бірақ менің өз түсінігімше, пенде болғаннан кейін, бәлкім, саған алда үлкен мүмкіндіктердің есігін ашудың алдында бір кішкене сынақ беріп, сенің төзімділігіңді, сенің ішкі беріктігіңді тексеріп, өлшеп алу үшін де керек болуы мүмкін. Мен ата-анаммен, яғни ата-енеммен бірге өмір сүрген адаммын, ол кісілер осындай ғибратты әңгімелерді көп айтатын. Солардан естіп, көңілге түйгендерім бар. Сондай-ақ, біздің Жанар Дұғалованың «Я убила муху» деген бір өлеңі бар еді, сол сияқты, қаншама рет байқаусызда өтіп бара жатып, аяғыңның астына қарамай бірдеңені таптап-таптап кетесің ғой, сондай нәрселер үшін де болуы мүмкін. Былайша айтқанда, оның мән-жайын бір Құдай ғана біледі. Ертең О дүниеге барамыз, сонда айтады: «А-а, сен пенде, сен былай, былай, былай істедің» деген кезде, сол кезде ғана оның нақты жауабын біле жатармыз. Бірақ басыма сынақ келген сол кезең үшін де мен Аллаға мың бір шүкіршілік етемін, себебі сол қиын кезеңде менде театр актрисасы ретінде өте жақсы, сәтті образдар туды. Сондай-ақ, сол кезеңде менің қасымда жүрген адамдардың қаншалықты шынайы екені белгілі болып, үлкен бір сұрыптаудан өтті», — деді актриса.
Ары қарай Назгүл Қарабалина бүгінгі жағдайы туралы айтып, қазір денсаулығы жақсы болғанымен, өмір бойы емделетінін жасырмады.
«Денсаулығым бүгінде жақсы. Мен ремиссиядамын, шүкір, содан бері 3-4 жылдай уақыт өтті. Енді адам баласы болғаннан кейін басыңа түрлі сынақ түседі ғой. Пенде болған соң «ауырып қалдым, аунап тұрдым» дейтініміз бар. Ондай-ондай жағдайлар болып тұрады. Басымызға бірнеше жылға созылған сондай бір сынақ келді. Ештеңе етпейді, Алла оң көзімен қарап, беті бері қарап, сауығып кеттік. Бүгінгі таңда бәрі жақсы. Енді мен, былайша айтқанда, зор жауапкершілікпен емделдім. Барлық ем-домды уақытылы жасап отырдым. Дәрілерімді де уақытында ішіп, емханаларға да уақытылы жатып жүрдім. Сондықтан да бүгінгі таңда бәрі дұрыс. Бірақ мұндай дерттен кейін өмір бойы күтініп жүру керек, бәрібір күтім қажет. Ештеңе жоқ, мен сол ауырған сәтте де бір орында отыра қалып, қатты налыған жоқпын. Түптеп келгенде, бұл өмірде ешкім мәңгілік емес қой. Күндердің күнінде әйтеуір бәріміз де аман-есен кетеміз. Оның ерте ме, кеш пе болуы — бір Құдайдың қолында. Сондықтан да өмірден баз кешіп, «ойбай» деп, елдің мазасын алып, өзімнің де мазамды қашырып не істейін? Мен сол ауырып жүрген сәтте де жұмысымды тоқтатпай істей бердім, жаңа рөлдерімді шығардым. Тіпті сол кезге қайта айналып барып, көп рақмет айтқым келеді, өйткені сол қиын сәтте бірнеше сәтті рөлдерім дүниеге келді. Сондықтан да әр нәрсенің өзінің бір мезгілі, мезеті мен себебі бар. Ол ауырған күндеріме де қазір шүкіршілік етемін», — деді Назгүл Қарабалина.
Назгүл Қарабалина кім?
Назгүл Әдиетқызы Қарабалина — қазақстандық театр және кино актрисасы, продюсер әрі режиссер. Ол 1978 жылдың 28 қазанында Орал облысы, Ақжайық ауданына қарасты Шолохов ауылында дүниеге келген. Өнердегі айтулы еңбегі үшін ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының (2010), ҚР тәуелсіз «Тарлан» платиналы сыйлығының лауреаты (2002) атанған, сондай-ақ жоғары мемлекеттік награда — «Құрмет» орденінің иегері (2016).
Бастапқы кәсіби білімін 1993-1997 жылдары Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы музыкалық училищеде алған Назгүл Әдиетқызы кейіннен 1997–2000 жылдар аралығында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында жоғары білімге ие болды. Кәсіби сахналық қадамын 2000 жылы Қостанай облыстық драма театрында дипломдық іс-тәжірибеден өтумен ұштастырып, 2001 жылдан бастап М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының негізгі актерлік құрамына қабылданды.
Актриса ұлттық және әлемдік драматургия классикасында, сондай-ақ заманауи қойылымдарда көптеген күрделі бейнелерді сәтті сомдады. Ұлттық репертуарда М. Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Шолпан, «Абайында» Ажар, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» Баян, С. Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Бәтес рөлдерін сомдады. Сондай-ақ Ә. Таразидің «Ақын... Періште... Махаббат» қойылымында Періште, И. Сапарбайдың «Сыған серенадасында» Изольда, Т. Нұрмағанбетовтің «Ескі үймен қоштасуында» Айжаңа, Т. Ахметжанның «Сұлу мен суретшісінде» Сұлу, Қ. Мұхамеджанов пен Ш. Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Гүлжан, Иран Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» реквиемінде Әйгерім және Д. Исабековтің «Жаужүрегінде» Нарышкина образдарын жасады.
Әлемдік классика мен заманауи шетелдік драматургия аясында Г. Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» Инкен, Н. Хикметтің «Фархад – Шырынында» Мехменебану, Т. Жүженоғлының «Көшкінінде» Келін, М. Задорновтың «Күйеуіңізді сатып алыңызшы» туындысында Оксана, М. Байджиевтің «Қылмысында» Мәриям және А. Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеуінде» Маша рөлдерін шебер жеткізді. Оның қатысуымен сахналанған «Махаббат дастаны» қойылымы Корея мен Түркияда өткен халықаралық фестивальдарда топ жарса, «Сұлу мен суретші» спектаклі Орталық Азия мен Қазақстан театрларының халықаралық фестивалінде Бас жүлдені иеленді.
Театрдан бөлек, актриса отандық кинематографияда да өзіндік қолтаңбасын қалдырып, «Дүние жарық» фильмінде Сайра, «Құрақ көрпеде» Келін, «Үйректің жүрегінде» Айгүл, «Махамбетте» Амазонка, «Ауылым — әнімде» Әкім, «Періштеде» Сая және «Мангазияға жол» туындысында Қарай сияқты мазмұнды рөлдерді сомдады.
Назгүл Қарабалинаның өнердегі толымды еңбегі дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалінің бірнеше мәрте жүлдесімен, 2002 жылы ҚР тәуелсіз «Тарлан» сыйлығымен, 2010 жылы ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығымен, 2016 жылы «Құрмет» орденімен және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен ұлықталды. Отбасылық жағдайына келер болсақ, ол тұрмыста. Жары — белгілі театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды. Жұптың бір ұлы бар.
Соңғы жаңалықтар