Ержан Бабақұмаровты өлтірген қылмыскерге үкім шықты

30.04.2026 14:44 Әсел Мұрат
Ержан Бабақұмаровты өлтірген қылмыскерге үкім шықты
205
Фото: әлеуметтік желіден

Сот бұрынғы шенеунік Ержан Бабақұмаровты өлтірді деп айыпталған Астана тұрғынын кінәлі деп тапты. Оған бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды , деп хабарлайды Politico.kz.

Астана сотының хабарлауынша, қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныған. Оған 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Сот үкімі осы жылдың 20 ақпанында шығарылып, заңды күшіне енген.

«Негізгі сот талқылауы жабық режимде өткендіктен, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы талаптарына сәйкес іс бойынша өзге мәліметтер жария етілмейді», – деп хабарлады қалалық сот.

Ержан Бабақұмаровтың қазасы

Ержан Бабақұмаров 2025 жылы 30 қазанда көз жұмды. Полиция мәліметінше, ол соққыға жығылған. Алдын ала деректер бойынша, бұрыннан таныс адамдар сөзге келіп, арты жанжал мен төбелеске ұласқан. Алған жарақаттарының салдарынан 56 жастағы Ержан Бабақұмаров көз жұмды.

Іс материалдары сотқа Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша түскен. Іс бойынша 37 жастағы Е.К. есімді азамат күдікті ретінде танылған.

2026 жылы 26 қаңтарда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында істі алдын ала тыңдау басталған.

Отырыс басталысымен тараптар сот процесін жабық режимде өткізу туралы өтініш білдірді, сот оны қанағаттандырған.

Іс судья Айжан Күлбаеваға берілген. Ол бұған дейін экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты үкім шығарған болатын. Судья сот отырысын жабық өткізу туралы шешім марқұм Ержан Бабақұмаровтың кәмелетке толмаған балаларының мүддесін қорғау мақсатында қабылданғанын түсіндірген.

Күдікті туралы не белгілі?

Ержан Бабақұмаровты өлтірді деп күдікке ілінген азамат бұған дейін де қылмыстық жауапқа тартылған. 2025 жылдың сәуір айында ол Астанадағы пәтерінде азаматтық некедегі жұбайына қол көтерген.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, жанжал кезінде ер адам әйелдің беті мен қабырғасына екі рет соққы жасаған. Салдарынан жәбірленуші орташа ауырлықтағы жарақат алған: қабырғалары сынған, көз ұясы зақымданған, сондай-ақ бас сүйегі мен маңдай қуыстары жарақаттанған.

Ержан Бабақұмаров кім?

Ол 1969 жылы 2 наурызда Талдықорған облысында дүниеге келген. Саяси ғылымдар кандидаты.

1996 жылдан бастап мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Ол әр жылдары түрлі лауазымдарды атқарған:

  • Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлім басшысының орынбасары және ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі;
  • Мәдениет және ақпарат вице-министрі, жауапты хатшы;
  • Премьер-Министр кеңсесі басшысының орынбасары;
  • Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры;
  • Президент кеңесшісі – Әкімшілік жанындағы талдау және болжау орталығының жетекшісі.
  • 2019 жылы шілдеден 2022 жылғы ақпанға дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий