Esentai City ісі бойынша сотталған белгілі бизнесменнің жазасы жеңілдетілді

27.01.2026 12:36 Нақыпбек Фатима Нақыпбек Фатима
Esentai City ісі бойынша сотталған белгілі бизнесменнің жазасы жеңілдетілді
407
Фото: Instagram/almas_abdygapparov

Esentai City тұрғын үй кешенін салу барысында аса ірі көлемде қаржы жымқырғаны үшін жазасын өтеп жатқан кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаровтың жазасы жеңілдетілді, деп хабарлайды Politico.kz

Алматы облыстық сотының мәліметінше: апелляциялық алқа Әбдіғаппаровтың өтінішін қанағаттандыру туралы төменгі сатыдағы соттың шешімін заңды күшінде қалдырды. Осылайша бизнесмен қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінен жеңілдетілген режимдегі колонияға ауыстырылды.

Оқиғаның мән-жайына үңілсек: Алматы облысы Алатау аудандық соты өткен жылдың желтоқсан айында Әбдіғаппаровтың жаза өтеу түрін өзгерту туралы өтінішін қарап, оң шешім шығарған болатын. Алайда прокуратура бұл шешіммен келіспей, жеке шағым түсірді. Істі қайта қараған облыстық сот алқасы прокуратураның уәждерін негізсіз деп тауып, алғашқы сот актісін өзгеріссіз қалдырды.

Еске салайық: Алмас Әбдіғаппаровқа қатысты үкім 2022 жылдың шілде айында шыққан еді. Ол Esentai City элиталық тұрғын үй кешенінің құрылысы барысында сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденгені үшін айыпты деп танылды. Тергеу деректері бойынша, AV-Construction компаниясы директорының орынбасары қызметін атқарған ол жылжымайтын мүлік сатып алушыдан түскен 420 миллион теңгені жымқырған. Сот оны қаржылық ұйымдарда 5 жыл бойы басшылық қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Бизнесмен өз кінәсін мойындамағанымен, сот оны келтірілген шығынды өтеуге міндеттеді.

Айта кетерлік маңызды жайт: қазіргі уақытта кәсіпкердің жұбайы Ольга Әбдіғаппароваға қатысты да қылмыстық іс қаралып жатыр. Тергеу органдары оны Esentai City жобасындағы жылжымайтын мүлікпен күмәнді мәмілелер жасап, үлескерлер мен құрылыс компаниясына аса ірі көлемде залал келтірді деп айыптауда. Тергеушілердің нұсқасы бойынша сол кезеңде аталған құрылыс компаниясы Елдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының тікелей бақылауында болған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий