«Ешкім ескертпеді»: Ақтөбе тұрғындары дауылдан кейін шу көтерді

21.06.2026 17:34 Қарақат АСЫЛОВА
«Ешкім ескертпеді»: Ақтөбе тұрғындары дауылдан кейін шу көтерді
337
Фото: Диапазон
Кенеттен соққан дауыл Ақтөбені тізе бүктірді

21 маусым күні түстен кейін Ақтөбе қаласында кенеттен соққан күшті дауыл тұрғындарды әбігерге түсірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Дауылды жел ағаштарды тамырымен жұлып, кейбір аудандарда электр жарығының өшуіне себеп болды.

Куәгерлердің айтуынша, шамамен сағат 13:30-да ауа райы күрт өзгеріп, бірнеше минуттың ішінде аспанды қара бұлт торлап, қатты жел тұрған. Тұрғындар аялдамалар мен жақын маңдағы ғимараттарды паналауға мәжбүр болған.

Қаланың Мир көшесіндегі №5 үйдің ауласында ірі ағаш тұрғын үйдің маңына құлап түскен. Басқа аулаларда да құлаған ағаштар көліктерге зақым келтіргені хабарланды. Дауылдың салдары түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде кеңінен таралып жатыр.

«Бәрі өте тез болды. Не болып жатқанын түсінбей қалдық. Төтенше жағдайлар қызметінен ешқандай ескерту алған жоқпыз», – деп жазды ақтөбеліктер әлеуметтік желілерде.

Табиғаттың тосын мінезі жарты сағатқа жуық уақытқа созылғанымен, ондаған ағаштың құлауына жеткілікті болды. Кейін қалада нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнаған.

Сондай-ақ тұрғындар дауылдан кейін кейбір аудандарда электр жарығының өшкенін хабарлады. Әсіресе Алтын Орда шағынауданындағы бірнеше көпқабатты үй жарықсыз қалған.

Ал Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өңірде ауа райының нашарлайтыны туралы ескерту таңертең жарияланғанын мәлімдеді. Құтқарушылардың мәліметінше, 21 маусымда облыстың батысы мен солтүстігінде жаңбыр, найзағай күтіліп, жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін болған.

Войдите, чтобы оставить комментарий