“Етек астынан түсірді”: Астанадағы сауда орталығында ер адам қызды жасырын видеоға түсірген

06.06.2026 16:14 Қарақат АСЫЛОВА
“Етек астынан түсірді”: Астанадағы сауда орталығында ер адам қызды жасырын видеоға түсірген
290
Видеодан кадрлар
Астанадағы сауда орталығында болған оқиғаға қатысты әзірге ресми түсініктеме жоқ

Астанадағы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында болған жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының алаңдаушылығын туғызды, деп хабарлайды Politico.kz.

Желіде тараған видеода қыздың белгісіз ер адамның өзін жасырын түрде видеоға түсірген болуы мүмкін екенін айтқаны көрсетілген.

Қыздың сөзінше, оқиға 1 маусым күні шамамен сағат 17:45-те болған. Ол сауда орталығында отырған кезде ер адамның өзіне тым жақын келіп жайғасқанын байқаған. Кейін оның сөмкесінің үстіне қойылған телефоны күдік тудырып, өзін етегінің астынан жасырын түсіріп жатқан болуы мүмкін деген ойға келген.

Оқиғадан кейін қыз күдіктінің соңынан ергенімен, ер адам сауда орталығынан шығып кетіп үлгерген. Кейін ол бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап, полицияға жүгінуге әрекет жасағанын айтты.

Алайда оның айтуынша, құқық қорғау органдары нақты дәлелдер болмаған жағдайда мұндай арыздарды қарау қиын екенін ескерткен.

Бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қолданушылар қоғамдық орындардағы қауіпсіздік мәселесін көтерді. Көпшілік қыз-келіншектерді сақ болуға шақырып, осындай жағдайларда мүмкіндігінше дәлел жинап, ресми түрде полицияға жүгінуге кеңес беруде.

 

Войдите, чтобы оставить комментарий