Философ Жабайхан Әбділдин өмірден озды
Ұлттық ғылым академиясының академигі, көрнекті философ, мемлекет және қоғам қайраткері Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдин 93 жасына қараған шағында дүниеден озды. Қаралы хабарды Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.
Депутаттың айтуынша, қазақтың біртуар ұлы Түркияның Ыстамбұл қаласында ем қабылдап жатқан жерінде үзілген. Суық хабарды марқұмның қызы түнде хабарлаған.
Марқұмның денесі бейсенбі күні таңертеңгі рейспен елге жеткізіледі деп күтілуде. Ал жаназа намазы 5 желтоқсан, қасиетті жұма күні Астана қаласындағы Бас мешітте оқылады.
1933 жылы Павлодар өңіріндегі Майтүбек топырағында дүниеге келген Жабайхан Мүбәрәкұлы – саналы ғұмырын ілім-білімге арнаған жан. Ол қазақстандық диалектикалық логика және тарих философиясы мектебінің негізін қалаушылардың бірі ретінде тарихқа енді. Артында 400-ден астам ғылыми еңбек пен 35 монография қалдырды.
Ол тек Кант пен Гегель бастаған неміс классикасын зерттеп қана қоймай, Абайдың терең философиясын, Шоқан мен Мұхтар Әуезовтің мұрасын ғылыми айналымға қосқан ғұлама еді. Ұзақ жылдар бойы Ғылым академиясының вице-президенті болып, отандық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Жабайхан Әбділдиннің есімі Тәуелсіздік тарихымен де тығыз байланысты. Ел егемендік алған елең-алаң шақта ол қоғамдық-саяси істерге белсене араласты. Әсіресе, тарихи әділдікті қалпына келтірудегі еңбегі ерен.
Ол Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов және Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлт зиялыларын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы болды. Алаш арыстарының есімін халықпен қайта қауыштыруда академиктің сіңірген еңбегі зор.
Соңғы жаңалықтар