«Флешкамен күн көретіндер өздері кетеді»: Ерлан Көкеев фонограммаға қарсы шықты
Танымал музыкант Ерлан Көкеев фонограмма қолдануға тыйым салу бастамасына қатысты өткір пікір білдірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ
Өнер иесі бұл мәселеге әлеуметтік желіде арнайы тоқталып, фонограмманы көрерменді саналы түрде алдау, сахнаны арзан иллюзияға айналдыру деп ашық атады. Оның айтуынша, концертке келген халық жылтырақ шоу үшін емес, тірі дауыс пен шынайы эмоция үшін ақша төлейді.
«Көрерменнің жанды дауысты талап етуге толық құқығы бар. Флешкадан қосылған дайын жазба — бұл өнер емес. Бұл жай ғана көзбояушылық. Енді бәрі өз орнын табады: кім нағыз музыкант, ал кім тек образ бен инстаграмдық кейіпке сүйеніп жүргені айқындалады», – деп жазды Ерлан Көкеев.
Музыканттың пікірінше, фонограммаға тыйым салу сахнаны тазартатын уақыттың келгенін білдіреді. Бұл шешім кәсіби деңгейі төмен орындаушыларды ығыстырып, шын мәнінде дауысы, еңбегі, білімі бар өнерпаздардың алға шығуына жол ашады.
Сондай-ақ ол бұл қадам отандық эстраданың сапасын арттырып, әншілерді «дауыспен емес, фонмен» өмір сүруді доғаруға мәжбүрлейтінін айтты. Ерлан Көкеевтің ойынша, дәл осы өзгеріс көрермен мен әртіс арасындағы сенімді қайта орнатып, сахна мәдениетін жаңа деңгейге көтеруі тиіс.
Соңғы жаңалықтар