Фонограммамен ұсталған әншіге қанша айыппұл салынады
Елімізде концерттерде фонограмманы заңсыз пайдаланған әншілер мен ұйымдастырушыларға айыппұл салынатын болды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Информбюро телебағдарламасына сілтемемен.
Енді өнер иелері дауысы басылған жазбаны қолданғысы келсе, билет сатылымға шыққанға дейін бір ай бұрын көрерменге ескертуге міндетті. Бұл жай ғана талап емес, заңмен бекітілген нақты міндет.
Жаңа заңға сәйкес фонограммамен ән шырқаған өнер адамына 432 500 теңге көлемінде айыппұл кесіледі. Ал осы концертті ұйымдастырған тұлға 648 750 теңге төлеуге мәжбүр болады.
Егер бұл жағдай бір жыл ішінде қайталанса, жаза мөлшері еселене түседі. Жауапты ведомство өкілдері бұл қадам көрерменнің ақысын ақтау үшін жасалғанын айтады.
Тыңдармандар қазір концерт билеттерінің арзан еместігін алға тартады.
Мәселен, балконда тұрып тыңдаудың өзі 10-12 мың теңге тұрады. Алдыңғы қатарлардың құны бұдан да қымбат.
Көрермендер ақша төлеген соң шынайы өнер мен құрмет күтетінін жеткізді. Олар жанды дауыстағы әндерді көбірек тыңдағысы келеді.
Өнер майталмандары жанды дауыста сағаттап ән айтуға дайын екенін білдірді. Алайда еліміздің кейбір өңірлерінде сапалы техника мен мамандар жетіспейтіні белгілі болды. Дегенмен концерт ұйымдастырушылары енді халық шын өнерпазды тани алады деп санайды.
«Фонограммамен айтып үйренгендер солай айтып жүре берсе де, ешқандай шектеу жоқ қой. Тек көрерменді ескертіп отырса болды. Сосын халық өзі іріктеп алады ғой кімді тыңдайтынын. Негізі бірталай тазарту болады деп ойлаймын», – деді концерт ұйымдастырушысы Ғабит Кәдірбай.
Дегенмен фонограммаға түбегейлі тыйым салынбаған. Жауапты тұлғалардың сөзіне қарағанда, телебағдарламалар мен концерт өткізуге қолайсыз жерлерде дайын жазбаны қосуға рұқсат етіледі.
Соңғы жаңалықтар