Геннадий Головкин «Миротворец» базасына енгізілді

17.08.2026 12:33 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Геннадий Головкин «Миротворец» базасына енгізілді
179
Фото: olympic.kz

Халықаралық World Boxing ұйымының ресейлік спортшыларға қатысты шешімінен кейін белгілі боксшы Геннадий Головкин украиналық «Миротворец» сайтының базасына енгізілді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған аталған ұйымның ресейлік боксшылардан шектеулерді алып тастауы себеп болды. Жаңа шешімге сәйкес оларға халықаралық турнирлерде өз елінің туымен шығуға және әнұранын орындауға қайта рұқсат берілген. Осыған байланысты интернет-ресурс қазақстандық спортшыға Ресейді қолдады деген айып тақты.

Геннадий Головкин 2025 жылғы 23 қарашада Борис ван дер Ворсттың орнына 3 жыл мерзімге World Boxing президенті болып сайланған еді. Сонымен қатар ол 2024 жылғы ақпаннан бері Қазақстанның Ұлттық олимпиадалық комитетін басқарып келеді. Ал World Boxing 2023 жылы әуесқой бокстың жаңа халықаралық федерациясы ретінде құрылды. Бұл ұйымның басты мақсаттарының бірі – боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтап қалу.

«Миротворец» – жоба авторларының пікірінше Украинаға қарсы әрекеттерге қатысы бар адамдардың мәліметін жариялайтын украиналық интернет-ресурс. Жұмыс істеген жылдары бұл тізімге саясаткерлер, журналистер және қоғам қайраткерлері кірген. Олардың қатарында қазақстандық шенеуніктер мен депутаттар да болды.

Айта кетейік, қандай да бір адамның «Миротворец» базасында пайда болуы сот шешімі немесе Украина билігінің ресми айыбы болып саналмайды.

Войдите, чтобы оставить комментарий