Ғалым: Украинасыз Ресей империя бола алмай қалады

29.07.2026 10:03 Томирис САҒЫНДЫҚ
Ғалым: Украинасыз Ресей империя бола алмай қалады
60
Фото: Zoonar / picture alliance

Белгілі қоғам қайраткері, ғалым, публицист және Халықаралық адам институтының президенті Жанұзақ Әкім Украина мен Ресей арасындағы соғыстың неге ұзаққа созылып кеткенін болжады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында айтты.

«Шындығында, мұндай қақтығыстар ұзаққа созылмауы тиіс еді. Мұндай мәселелер тез басталып, тез аяқталып жатады. Ал Украина мен Ресей арасындағы соғыстың жылдарға созылуының себебі неде? Жалпы, бұл соғыстың аяқталатын күні жақындады ма, ол байқала ма?» деп сұрады журналист.

«Саясаттанушылар мен соғысты зерттеуші сарапшылар бізге «соғыс таяу арада бітеді» деген сияқты ақпарат беріп келді. Олардың әрқайсысы әртүрлі пікір айтады, сырттай қарағанда соғыс аяқталуға жақын сияқты болып көрінуі де мүмкін. Бұл соғыстың болуы заңдылық еді. Ол туралы Збигнев Бжезинский 90-жылдардың басында жазған «Ұлы шахмат тақтасы» еңбегінде айтылған. Онда үш елге қатысты болжам жасалады. Біріншісі — Украина мен Ресей арасындағы соғыс. Бұл қақтығыс орын алуы тиіс еді, себебі Украинасыз Ресей империя бола алмайды. Ресей өз империялық мәртебесін сақтап қалу үшін Украинаны өзіне қосып алуға тырысады, одан бас тарта алмайды. Украина қай тарапқа бұрылса, сол тарап қуатты болады. Екіншісі — Түркия мен Иран. Олардың Шығыс пен Батыстың арасында нақты орны жоқ. Бұл болжам дәл келді. Иран ислам әлеміне толық кіре алмай отыр, себебі мұсылман елдерінің көбі оған қарсы. Түркияның да жағдайы ұқсас. Сондықтан Түркия мен Орталық Азия елдері үлкен саясатта геосаяси дағдарыстан шығу үшін Тұран одағын тез арада құруы керек. Түркияны 40 жылдан астам уақыт бойы Еуропалық Одаққа қабылдамай келеді. Оған қоса, Солтүстік Кипр мәселесі бар, оны да БҰҰ мен халықаралық ұйымдар мойындамай отыр. Егер Тұран одағын тез арада құра алсақ, Түркия, Орталық Азия және Әзербайжан мәселелері шешімін табады», — деді Жанұзақ Әкім.

Ары қарай публицист екі көрші мемлекет арасындағы соғыстың қашан аяқталатынына болжам жасады.

«Ал «Украинадағы соғыс қашан бітеді?» дегенге келсек, екі фактор бар:

  • Егер Украина ядролық қару жасап шығарса, Ресей амалсыздан бейбіт келісімге қол қояды. Әзірге Путин соғысты созып, мойындамай отыр. Аляскадағы кездесулер де, Трамптың шақырулары да еш нәтиже берген жоқ.
  • Соңғы оқиғаларға сүйенсек, Украина Ресейдің ішкі өнеркәсіптік орталықтарын (Мәскеу, Свердловск, Магнитогорск т.б.) пилотсыз ұшу аппараттарымен соққыға жығып жатыр. Қазір дрондар 4000 шақырымға дейін ұшады. Осының салдарынан Ресей ішінде экономикалық дағдарыс болып, халық көтерілуі мүмкін. Мысалы, Удмуртиядағы жағдай (оларды 500 жыл ішінде ассимиляцияланып кетті десе де, фин-угор халықтары өз бірегейлігін сақтап қалған). Сондықтан Украина дәстүрлі қарумен Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары мен инфрақұрылымын жойып, ішкі дағдарыс салдарынан халық көтерілетін болса, Кремль келіссөзге келуге мәжбүр болады. Басқа жол жоқ. Қазіргі Путин мен Нетаньяху жүргізіп отырған саясат 1945 жылғы Германияның тағдырын елестетеді», — деді ол.
Войдите, чтобы оставить комментарий