Halyk Bank пен Ұлттық статистика бюросы әріптес болды
«Ұлттық статистикалық жүйелердің цифрлық трансформациясы» форумы аясында ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы мен «Halyk Bank» АҚ арасында статистика саласындағы ынтымақтастық туралы маңызды меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл құжат екі тараптың елдің статистикалық базасын дамыту бағытындағы бірлескен жұмысына жаңа жол ашпақ. Келісімге Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев пен «Қазақстан Халық банкі» АҚ төрағасының орынбасары Нариман Мұқышев қол қойды.
Ынтымақтастық аясында тараптар тек әдіснамалар мен озық тәжірибелер алмасып қана қоймай, цифрлық технологиялар мен үлкен деректерді бірлесе пайдалануды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік, демографиялық және экономикалық статистика бойынша біріккен жинақтар мен жылнамалар әзірленбек.
Меморандум қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында семинарлар, конференциялар және таныстыру сапарларын ұйымдастыруды, жаңа заңнамалық бастамалар туралы ақпаратпен алмасуды және өзге де бірлескен жобаларды іске асыруды көздейді.
«Бұл меморандум мемлекет пен бизнес үшін статистикалық деректердің сапасын арттыруға бағытталған заманауи цифрлық құралдарды енгізу және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін ашады», – деді Мақсат Тұрлыбаев.
«Қазақстан Халық банкі» АҚ төрағасының орынбасары да бұл ынтымақтастықтың маңызына тоқталды.
«Halyk банк пен ҰСБ арасындағы коллаборацияның арқасында жаңа мүмкіндіктер ашылуда: біз аналитиканы сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтеріп, бүкіл елдің дамуына әсер ететін шешімдер қабылдау мүмкіндігіне ие боламыз», - деді Мұқышев.
Тараптар бұл ынтымақтастық өзара тиімділік пен тәжірибе алмасуға негізделетінін атап өтті. Жаңа келісім Қазақстандағы статистикалық қызметке жаңа даму серпінін беріп, елдің цифрлық экономикасын ілгерілетуге ықпал етеді деп күтілуде.
Соңғы жаңалықтар