Халықтың мәселесін шешудің орнына бәс тігумен айналысқан әкімдік қызметкерлері ұсталды
Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұз қаласында мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойынға қатысу дерегін анықтады, деп хабарлайды Politico.kz.
Қалалық прокуратура өкілдері әкімдік мамандарының қызметтік әдеп нормаларын бұзғанын мәлімдеді. Заңмен қатаң тыйым салынғанына қарамастан, бірқатар лауазымды тұлға букмекерлік кеңселерде арнайы шот ашып, тұрақты түрде бәс тігіп келген. Мәселен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегі сектор меңгерушісінің жеке шотындағы ақша айналымы 6,8 миллион теңгеге жеткен.
Дәл осындай заң бұзу фактілері ауылдық округ әкімінен, тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасарынан және қала әкімдігіне қарасты басқа да құрылымдық бөлімшелердің жеті қызметкерінен табылған. Тексеріс қорытындысынан кейін осы іске қатысты барлық материал Павлодар облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің әдеп жөніндегі кеңесіне жіберілді. Сонымен қатар қоластындағы мамандардың тәртібі мен мінез-құлық қағидаларын сақтауын дұрыс қадағаламағаны үшін қала әкімі аппаратының жауапты басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Соңғы жаңалықтар