Хасен Қожа-Ахмет: Біз тек қытайлардың жаппай келуіне қарсы тұрдық
Қазақстандық белгілі саяси белсенді, сазгер әрі журналист, «Желтоқсан» ұйымының жетекшісі Хасен Қожа-Ахмет Петропавл қаласының атауын тарихи желісімен қайта жаңғыртып, Қызылжар деп өзгерту мәселесін тағы да батыл қозғады. Қайраткердің айтуынша, бұл — бүгін ғана шыққан үстірт бастама емес, тарихи негізі бар, әлдеқашан шешілуі тиіс болған заңды талап. Ол қала атауын өзгертуге қатысты бұлтартпас мұрағаттық құжаттарды әлдеқашан жүйелеп, жинап қойғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында айтты.
Сонымен қатар, белгілі сазгер бүгінде Мұхтар Әблязов пен Әкежан Қажыгелдин сияқты саяси тұлғаларға деген өкпе-реніші мен өзіндік сыни көзқарасын жасырмады.
«Реніш бар, әрине, бар. Мен әлгі казактармен бірге осындай жұмыстарды атқарып жатырмын. Сондықтан, «боқтың иісі мұрнына бармайтын», диванда жатып алып шіренетін әлгі «батырлар» босқа шәуілдемесін. Жақында Көкшетауда біреудің: «Менің досым – Хасен Қожа-Ахмет» деп сөйлеп тұрғанын көрдім. Жарайды, соңғы кездері Қызылжарға барғанда Петропавл қаласының атын ауыстыру туралы сөз қозғалған шығар. Соған байланысты менің атымды пайдаланып жатса, бұны қарапайым халық түсінбей қалуы мүмкін. Олар: «Хасен Қожахмет Захаровтың Петропавлын қалдыруды қорғап, қолдап отыр ма?» деп ойлауы ықтимал. Жоқ, әрине! Мен оны ешқашан қолдамаймын! Бұл мәселені біз баяғыда-ақ көтергенбіз. Қаланың аты Петропавл емес, Қызылжар болуы керек. Бұл бастаманы мен екі қолымды көтеріп қолдаймын. Ол жақтағы қазақтардың талабы мүлдем дұрыс. Мен тіпті бұған қатысты мұрағаттық құжаттарды да тауып қойдым. 1925 жылы қала атауын «Қызылжар» деп өзгерту туралы шешімге Мәскеу де қол қойып, Қазақстан үкіметіне жіберген. Оған Қазақстан тарапынан Асфендияров қол қойған болатын. Содан бері бұл атауды неге өзгертпеді? 1925 жылдан кейін қазақ халқы ашаршылықты да, ұжымдастыруды да көрді, бәрінің быт-шыты шықты. Кейін Дінмұхамед Қонаев билікке келді, ол кісімен біраз жыл жақын қарым-қатынаста болдық. (...). Бірақ 1925 жылғы сол қаулыны неге қайта қозғамады?» – деді Хасен Қожа-Ахмет.
Сұқбат барысында ол Алатау мәселесіне, соның ішінде елімізге қытай жұмысшылары мен мигранттарының жаппай келу қаупіне қарсы бағытталған ауқымды жұмыстарды өз мойнына алып, ұйымдастырғанын атап өтті. Саясаткер бұл қадамның артында үлкен жауапкершілік тұрғанын, ұлттық қауіпсіздік пен жер тұтастығын қорғау жолында ешқандай ымыраға келмейтінін жеткізді.
«Қонаев 1977 жылы мен сотталғанда да, менен бір жылдан кейін ұсталған жап-жас азамат Жақыбаевты да қорғап қалмады. Ол азаматты алты жылға қамап, ақыры сол жерде асылып өлді. Айтқым келетіні, осындай қиын шаруалар көп болды... Мен ешқашан ол казачествоның мүшесі болған емеспін. Оларды жарты жылда бір көремін бе, көрмеймін бе – белгісіз. Мен тек Алатау мәселесіне, яғни қытайлардың жаппай келуіне қарсы жұмыстарды тапсырдым. Оларға: «Дайындалыңдар, егер бұл жұмысқа бізбен бірге қазақтарды қорғауға шықпасаңыздар, мен сіздермен байланысымды үземін, қайтып аяқ баспаймын» деп талап қойдым. Қазір де олармен араласып жүргенім шамалы. Біз тек қытайлардың экспансиясына және басқа да қауіптерге қарсы тұрдық, ақыры оны болдырмай тастадық қой. Сондықтан мен олардың мүшесі де емеспін, погон да таққан жоқпын, киімін де кигенім жоқ», – деді сазгер.
Соңғы жаңалықтар