«Өмірде өзіңе ғана сену керек екен»: Роза Әлқожа жан сырын ақтарды
Танымал әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасында адамдарға шексіз сенім арту, көңіл қалу және өмірлік сабақтар жайлы тебіреністі жазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесі бұрын өзіне ең жақын болған жандардың уақыт өте келе алыстап, жатқа айналатынын айтып, өткен күндерді еске алды.
«Менің ішімдегі ерке қызды қай жерде қалдырып кеткенімді енді ойланып жүрмін. Ол ойын ірікпейтін, әр қадамы нық, қайсар емес пе еді?! Біреуге қалтқысыз сенген адам өз болмысынан ажырап қалады екен. Соның қабағы, соның пікірі деп өз ойы болмайды. Жалпы, өмірде өзіңе ғана сену керек екенін енді ұғындық. Сенім — үлкен қару. Оны берген соң басқа адамға "қаруды былай серме" дей алмайсың. Ол қалай қолданса да, жараласа да өз еркі, тек арына тапсырасың. Жақының жатқа айналады дегенге бұрын сенбейтінмін. Дұшпаның досың болады десе де ертегі болып көрінетін. Сөйтсек, құдай шешсе, құл көнеді екен», — деп жазды әнші.
Сонымен қатар ол адамдар арасындағы қарым-қатынастың ниет пен пейілге тікелей байланысты екенін жеткізіп, екіжүзділіктен сақ болуға шақырды.
«"Мені өзімнен артық біледі" дегеннің бәрі өтірік. Ешкім ешкімді білмейді. Тек мақсатына қарай ой салады, бағыттайды немесе пайдаланады. Арада әділетсіздік орнағанда әркім өзін алып қашады. Жаныңда жүріп сені жамандыққа итермелеген жаннан гөрі, алыстағы тілеулес артық. Қасыңда жүріп қамқор болмай, қамытыңның ауырлығына күліп отырған кісі баласынан қайыр күтпе», — деп түйіндеді өнер иесі.
Соңғы жаңалықтар