Home Credit Bank атауын өзгертті
Home Credit Bank акционерлердің шешімімен жаңа атау алып, директорлар кеңесінің құрамын жаңартты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Банк енді ресми түрде «Home Credit Bank» АҚ (ForteBank АҚ-тың Еншілес Банкі) деп аталатын болады. Мұндай шешім 2025 жылдың 3 қарашасында өткен акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданды.
Атауды өзгертумен қатар, «ForteBank» АҚ-тың қатысу үлесінің ұлғаюына байланысты директорлар кеңесінің жаңа құрамын сайлау туралы да шешім қабылданды. Нәтижесінде, ForteBank директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Исатаев Home Credit Bank директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалды.
Сондай-ақ, ForteBank басқарма төрағасы Талғат Қуанышев Home Credit директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды. Олармен бірге бұл құрамға тәуелсіз директор Әнуар Сәйденов те қайта кірді.
Home Credit Bank баспасөз хабарламасында бұл шешімдердің әлі күшіне енбегені нақтыланған. Банк өкілдерінің айтуынша, бұл өзгерістер ағымдағы HCB акционері Иржи Шмейцтің акцияларды ForteBank пайдасына беруі толық аяқталғаннан кейін ғана заңды күшіне енеді. Дәл осы мәміле ForteBank-тің меншік үлесін 75%-ға дейін жеткізуі тиіс.
Банк басшылығы бұл корпоративтік өзгерістердің клиенттерге қызмет көрсетудің күнделікті жұмысына еш әсер етпейтінін мәлімдеді. Барлық қолданыстағы өнімдер, сервистер мен бұрынғы шарттардың талаптары толығымен өзгеріссіз сақталады. Екі банктің интеграциялану процесі сервис сапасын жоғалтпау мақсатында және клиенттерге қолайсыздық тудырмас үшін біртіндеп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Соңғы жаңалықтар