Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев 3 жыл 3 айға сотталды
Алматы облысында Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаевқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz сайты «ҚазАқпарат» ХАА-не сілтеме жасап.
Іле ауданының экс-әкімі Бағдат Қарасаев лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны және заңсыз кәсіпкерлік қызметке араласқаны үшін кінәлі деп танылды. Сот шенеунікті бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.
Іле аудандық сотында қаралған қылмыстық іс материалдарына сәйкес, Қарасаев қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жауапкершілігі шектеулі серіктестікке жер телімін заңсыз берген. Сонымен қатар ол қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын басқару барысында аталған кәсіпорынға қамқорлық жасап, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға заңсыз қатысқан.
Сот үкімімен экс-әкім Қылмыстық кодекстің 361-бабының 3-бөлігі және 364-бабының 3-бөлігі бойынша айыпты деп табылды. Оған 3 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мемлекеттік органдарда лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Бұл іс бойынша айыпталған өзге тұлғаларға да жаза қолданылды. Сотталушы Б. есімді азаматшаға мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салына отырып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Ал Д. есімді азамат мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға қатысты қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға айырылып, 2 жыл 6 айға бас бостандығы шектелді. Төртінші фигурант саналатын М. есімді азамат ақталып шықты.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, Бағдат Қарасаев Іле ауданын 2018 жылдың қыркүйегінен бастап басқарған. Оны 2024 жылдың қыркүйегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен облыстық прокуратура қызметкерлері бірлескен арнайы операция барысында ұстаған болатын.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, қылмыстық схемаға аудандық қаржы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшылары да тартылған. Топ мүшелері өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының рұқсатынсыз үлестес компанияға қоқыс полигонын сенімгерлік басқаруға берген. Кейіннен келісімшарт мерзімін негізсіз ұзарту арқылы лауазымдық өкілеттіктер асыра пайдаланылған.
Соңғы жаңалықтар