inDrive-те арнайы ескертулер пайда болды
Қазақстандықтар енді такси қосымшасын ашқанда немесе мемлекеттік қызмет алу барысында қылмыстық схемалар туралы ескертулер ала бастайды. Бас көлік прокуратурасы цифрлық платформалар арқылы халықты сақтандырудың жаңа тәсілін іске қосты, деп хабарлайды Politico.kz.
Енді қарапайым халық интернет алаяқтығы, есірткі саудасы және өзге де заң бұзушылықтар туралы ақпаратты тікелей смартфондарынан оқи алады. Бұл бастама Мемлекет басшысының «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған. Құқық қорғау органдары ескі әдістерден арылып, профилактикалық жұмыстарды цифрлық форматқа көшіруді жөн көрген.
Ең алдымен, жаңашылдық ел арасында кең таралған eGov Mobile қосымшасына енгізілді. Қосымшаның басты бетінде арнайы интерактивті терезе ашылған. Пайдаланушы осы бөлімге өту арқылы прокуратураның ресми порталына бағытталады.
Айта кетерлігі, ондағы ақпарат құрғақ заң тілімен емес, қарапайым адамға түсінікті етіп жазылған. Порталда кең тараған қылмыстық схемалардан қалай қорғану керектігі, алаяқтарға сан соғып қалмаудың жолдары және заңсыз әрекеттер үшін қандай жаза күтіп тұрғаны егжей-тегжейлі түсіндіріледі.
Алдын алу шаралары мұнымен шектелмейді. Күнделікті тіршілікте жиі қолданылатын inDrive платформасы да осы жүйеге қосылды.
Енді жолаушылар мен жүргізушілерге қосымша ішінде арнайы профилактикалық баннерлер мен push-хабарламалар келіп тұрады. Көлің прокурорлардың пайымдауынша, бұл аудиторияны барынша кеңейтуге мүмкіндік береді. Себебі такси қосымшасын мегаполистен бастап, шалғай аудандардағы тұрғындар да белсенді пайдаланады.
Бұл цифрлық қызметтің басты артықшылығы – оның үзіліссіз жұмыс істеуінде. Жаңа сервис тәулік бойы қолжетімді, ал ондағы деректер мен ескертулер азаматтың қай өңірде тұратынына қарамастан лезде жаңартылып отырады.
Соңғы жаңалықтар