"Інімнің телефоны күйеу балада болған": Атыраудағы жоғалған отбасыға қатысты ел естімеген ақпарат шықты

16.01.2026 17:29 Мөлдір Талғат Мөлдір Талғат
0
791
Фото: коллаж politico.kz

Атырау облысында қоғамды дүр сілкіндірген қылмыстық іске қатысты тың мәліметтер белгілі болды. Күдікті ретінде аталған Сұлтан Сәрсемәлиев пен із-түзсіз жоғалған Наурыз Мұқанғалиевтің телефон сигналдары мен жүріп өткен бағыттары туралы марқұм Мақсот Қарабалиннің туыстары жаңа ақпаратпен бөлісті, деп жазады Politico.kz.

Qazaq Airan басылымының тілшісі Айдана Мейрамбайқызы Жангелдин ауылына арнайы барып, қаза болған азаматтың жақындарымен жүздескен. Сұхбат барысында марқұмның інісі Шалқар Мұқанғалиев құзырлы органдардан алынған деректерді жария етті.

«Бізге берілген мәліметке сүйенсек, Сұлтан 2-сі күні кеткен, ал 5-і қайта оралған. Сол кезде Наурыздың телефоны Сұлтанның қасында болған. Олар ауылға барған, кейін Атырауға бірге келген. Мейрамгүлді де Атырауға әкелгені анық. Мұнайшы ықшамауданында болған, қазір ол үй тексеріліп жатыр», – деді ол.

Шалқар Мұқанғалиевтің айтуынша, одан кейін олардың жүріп өткен бағыттары одан әрі күрделене түскен.

«Атыраудан кейін Махамбетке барған. Одан соң Сұлтан Түркияға барып, шамамен 10 күндей болған. Кейін қайта оралып, Ақбаянды алып Ақтауға кеткен. Ақтаудан пойызбен Шымкентке барып, сол жақтан Ташкент арқылы шекара асқан. Ташкенттен Куала-Лумпурға тікелей ұшқан. Қазір туристік қалада жүргені туралы ақпарат бар», – дейді ол.

Ал сұхбат барысында Сұлтан Сәрсемәлиевтің әкесі Самиғолла Сәрсемәліұлы ұлына қатысты айтылып жатқан ауыр айыптауларға сенбейтінін жеткізді. Ол әлеуметтік желілерде тараған болжамдарға наразылығын білдірді.

«Балам мен келінімді шекарадан өтіп кеткен дейді. Ол келінін емдетемін деп жүрген. Мүмкін, шынымен емге алып кеткен шығар. Қайда барғанын нақты білмеймін. Шетелге шығу үшін ақша да, тіл де керек. Ауылда жүрген баланың ел айтқандай алысқа кетіп қалды дегенге сенбеймін», – деді ол.

Сондай-ақ Самиғолла Сәрсемәліұлы Ақбаянның бұған дейін де ем қабылдағанын еске салды.

«Бұрын Ақбаян босанғаннан кейін Сұлтан екеуі Түркияға барып емделіп келген. Сондықтан бұл жолы да сондай мақсатпен шыққан болуы мүмкін», – деп түйіндеді ол.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий