Кәсіпкер: Балам жердің астында тоңып жатыр деп қабірге жүгіретінмін
«Жәкеңнің сүт өнімдері» брендінің негізін қалаушы, әлеуметтік желіде tarazzhanat есімімен танымал кәсіпкер Жанат Абдылимова перзентінен айырылған кезеңдегі басынан өткерген психологиялық соққысы мен дәрігерлерге қатысты оқиғаны айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы кәсіпкер әйел журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында әңгімеледі.
«Баладан айырылу — ана үшін оңай емес. Балам өмірден өткеннен кейін біраз уақыт өз-өзіме келе алмадым. Ол қазан айында, күннің суық кезінде қайтқан еді. Арада бір ай өтіп, жерге қырау түсіп, жер қата бастаған шақта, түнде орнымнан тұрып далаға жүгіретінмін. Баламның жер астында тоңып, жаурап жатқаны елестеп, оны жылытқым келетін. «Балам тыржалаңаш жердің астында жатыр» деп есіктен шығып жүгіріп кетемін. Ерекең мені талай ұстаған: «Болды, қайда барасың? Болды, жаны жоқ, ол ештеңені сезбейді» деп. Сондада «ол жаурап жатыр» деген миыңда касета ойнап тұрады. Сен оны әдейі істемейсің. Өзіңнен өзің қалай істеп қойғаныңды білмейсің», — деді Жанат Абдылимова.
Сонымен қатар кәсіпкер баласының ұзақ уақыт бойы сырқаттанғанын, оның себебін анықтау мақсатында медициналық тексерістер жүргізіп, акушер-гинекологтың үстінен арызданбақ болған сәтін де баяндады.
«Әттең-ай, сол балам болса, шіркін» деген өкінішті ойлар жиі мазалайды. Шіркін, аман болғанда, қазір 18 жасқа толар еді. Сәбиімнің ауруына байланысты дәрігерлердің үстінен шағымданбақ та болдым. Өйткені баланың дене қызуы бір жыл үш ай бойы түспей қойған еді. Дәрігерлер баланы жан-жақты тексеріп, тіпті жұлынынан пункция да алды. Осы тексеріс қорытындыларының бәрін жинап, өзімді босандырып алған дәрігерге бардым. Ал ол кісі: «Мен – жалғызбасты анамын. Сен мені сотқа беріп, қаматтырып жіберсең, артымда қалған қызыма кім қарайды?» – деп көз жасына ерік берді. Тұрмыстық жағдайын айтып жылаған соң, қазақы кеңшілікке салып, ол кішкентай қыздың тағдырын ойлап, кешіріммен қарадым», – деді кәсіпкер.
Сондай-ақ Жанат Абдылимова кейіннен ол дәрігердің өзге іс бойынша жауапқа тартылғанын айта келе, босану кезінде өз өмірін сақтап қалғаны үшін алғысын білдірді.
«Алайда бұл іс бойынша сотқа бермегеніммен, ол дәрігер кейін басқа жағдайға байланысты сотталып кетті. Білуімше, ол адам өміріне қатысты оқиға болса керек. Түбінде бәрібір сотталып кетті. Десе де, сол дәрігерге айтар алғысым да бар. Себебі босану үстінде өз өміріме қауіп төнгенде, ол мені өлімнен аман алып қалған еді. Бірінші Құдай аман алып қалды», – деді Жанат Абдылимова.
Соңғы жаңалықтар