Kaspi 20% беріп жатыр: Банктің жаңа ұсынысына кімдер қуана алады?

07.12.2025 15:16 Арман Ермеков
Kaspi 20% беріп жатыр: Банктің жаңа ұсынысына кімдер қуана алады?
0
516
Иллюстрация ЖИ

Kaspi.kz өз салымшыларына қаржылық жаңалық жариялады. 2025 жылдың 1 желтоқсанынан бастап банктің жинақ өнімі бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бірден 2 пайыздық тармаққа өсіп, 18 пайыздан 20 пайызға дейін көтерілді. Алайда, бұл жаңалық барлық клиентке бірдей қатысты емес, деп хабарлайды Politico.kz.

Көпшіліктің телефонына келген хабарламадан кейін «менің де депозитім 20%-ға өсті ме?» деген сұрақ туындауы заңды. Бірақ асығыс шешім қабылдамас бұрын, банкте екі түрлі депозиттің барын білген алған жөн.

Кімдер қуанбаса да болады?

Егер сізде халықтың басым бөлігі қолданатын кәдімгі «Kaspi Депозит» ашылған болса, сіз үшін пайыздық мөлшерлеме өзгерген жоқ. Ол бұрынғыша теңгелей 15%, ал доллармен 1% деңгейінде қалды.

Бұл депозиттің басты ерекшелігі – икемділігінде.

  • Ашатын кездегі ең төменгі сумма: 1 000 теңге.
  • Сақтау мерзімі: 12 ай.
  • Артықшылығы: Сіз кез келген уақытта ақшаңызды шешіп алып, картаңызға аударып, қажетіңізге жарата аласыз. Көбісі бұл депозитті "әмиян" ретінде ұстайды және ақшасын толық шешіп алып, жауып тастап жатады.

Кімдер ұтады?

Жағымды жаңалық тек «Жинақтаушы Депозитіне» қатысты. Дәл осы өнімнің мөлшерлемесі 18%-дан 20%-ға өсті. Бірақ мұнда талаптар қатаң:

  • Ашатын кездегі ең төменгі сумма: 100 000 теңге.
  • Мерзімі: 3 айға ашылады.
  • Ең басты шектеу: Бұл депозиттен ақшаны ішінара шешіп алу мүмкін емес.

Яғни, сіз ақшаны салдыңыз ба, 3 ай бойы оны ешқайда аудара алмайсыз. «Депозитті жауып, ақшаны ала салам ғой» десеңіз, қателесесіз. Егер мерзімі бітпей жатып жапсаңыз, жиналған сыйақының барлығынан қағыласыз, салған ақшаңызды кері аласыз. Сондықтан бұл шотқа тек «артық жатқан», жақын арада керек болмайтын ақшаны салған дұрыс.

Екі депозитке де қатысты маңызды жайт – белгіленген 12 немесе 3 ай тек бастапқы кезеңді білдіреді. Мерзім біткеннен кейін депозит автоматты түрде әрі қарай осы мөлшерлемемен ұзартылып отырады.

Қарапайым есеп: Қайсысы тиімді?

Айырмашылықты көру үшін нақты мысалға жүгінейік. Елдегі орташа жалақыны 429 мың теңге деп алып, салымшы ай сайын табысының 20 пайызын (85 800 теңге) жинаса және бастапқы жарнасы 100 мың теңге болса, 3 айдан кейінгі нәтиже мынадай болады:

  • Кәдімгі 15% депозитте: Жиналатын сома – 278 203 теңге. (Оның ішінде өзіңіз салған ақша – 271 600 тг, ал банктің сыйақысы – 6 603 теңге).
  • 20% Жинақтаушы депозитінде: Тура сол шарттармен қолыңызға 280 780 теңге тиеді. Таза табыс – 9 180 теңге.

Банктің түсіндіруінше, Kaspi Депозит – икемді шарттары бар қолжетімді және ыңғайлы құрал болса, Жинақтаушы депозиті – үй алу, көлік міну немесе оқу ақысын төлеу сияқты ұзақ мерзімді мақсаттарға арналған құрал.

Аз сомада айырмашылық шамалы көрінгенмен, ірі қаражат салған кезде 5 пайыздық айырмашылық сезіле бастайды. Сондықтан таңдау сіздің қаржылық мақсатыңызға байланысты болмақ.

Бұл мәтін жалпы ақпарат ретінде ұсынылған. Қаржылық, инвестициялық немесе құқықтық кеңес болып есептелмейді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий