«Кедейлер мен даяшылардың тілі»: Депутат Самат Нұртазаның жазбасы дау тудырды
Мәжіліс депутаты Самат Нұртазаның қазақ тілі туралы бұрын жазған пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, қоғам наразылығын тудырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Желі қолданушылары арасында тараған скриншотта халық қалаулысының мемлекеттік тілді «сіңірі шыққан кедейлер мен арба тасушылардың тілі» деп атағаны көрсетілген. Конституцияны жазуға қатысқан комиссия мүшесінің бұл сөзі көпшіліктің ашуына тиді.
Тараған жазбада:
«Қазақ тілі - кедейлердің, сіңірлердің, тачка итерушілер мен официанттардың тілі. Кіжін Сіңір!!! Ашулан Кедей!!!», – делінген.

Бұл сөздер әлеуметтік желіде лезде тарап, оқырмандардың сын-пікірлерінің астында қалды.
Даулы мәселеге байланысты Самат Нұртаза түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл пікір 2019-2020 жылдары тіл мәселесіндегі қызу талқылау кезінде жазылған.
«Бұл 2019-2020 жж. тіл төңірегіндегі дискуссияда жазған комментарий болатын. Ол тұста белсенді блогер ретінде, тіл мәселесіндегі диспутқа араластым. Негізгі ойым – осы пікір арқылы тілге деген құрметті күшейту үшін, керісінше мағынада жазылған ой болған. Яки, шүйліккеннен, эмоцияға берілгеннен, ашынған ойым еді. Ешқандай зымиян ойым болмады, керісінше сол жылдардағы өзімнің басымнан өткен нақты жағдайларды мысалға келтірген сөздерім еді. Тіпті мемлекеттік қызметте де емес едім сол жылдары. Егер бұл комментарийім біреудің ар-ожданына тиіп кеткен болса, ресми кешірім сұраймын. Мақсат ортақ – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру!», – деді депутат.
Дегенмен халық қалаулысының бұл түсіндірмесі мен кешірімі желі қолданушыларын толық тыныштандыра қойған жоқ, наразылық әлі де басылар емес.
Соңғы жаңалықтар