Көкшетауда тұрғын 3,4 млн теңгелік әшекейлері бар сөмкені алып кеткен

08.08.2026 17:51 Қарақат АСЫЛОВА
Көкшетауда тұрғын 3,4 млн теңгелік әшекейлері бар сөмкені алып кеткен
256
Ашық дереккөз

Көкшетау тұрғыны орындықта ұмыт қалған сөмкені алып кеткені үшін қылмыстық іске фигурант болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сөмкенің ішінде жалпы құны 3,4 млн теңге болатын зергерлік бұйымдар, телефон және сағат болған.

Ақмола облысының полиция департаменті мәліметінше, әйел сөмкесін Абылай хан даңғылындағы үйдің ауласында орналасқан орындыққа қалдырып кеткен. Біраз уақыттан кейін қайтып келгенімен, сөмкесін таба алмаған.

Бейнебақылау камераларын тексерген полицейлер сөмкені алып кеткен әйелді анықтады. Ол біраз уақыт иесінің қайтып келуін күткенін, кейін сөмкені үйіне алып кеткенін айтқан.

Жолда әйел сөмкені тастап, ішіндегі телефон, сағат және зергерлік бұйымдарды өзінде қалдырған. Келесі күні алтын сақиналардың бірін ломбардқа 150 мың теңгеге өткізген. Өз айтуынша, алған ақшасын азық-түлік пен дәрі-дәрмекке жұмсаған.

Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Полиция өкілдері табылған бөтен мүлікті иемденіп кету де қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті. Иесі белгісіз болған жағдайда, табылған затты полиция бөліміне тапсыру немесе оның иесін анықтауға шара қолдану қажет.

Войдите, чтобы оставить комментарий