"Көліктің астына түсіп, "өл" деді: Айгүл Иманбаева ауыр тақырыпты қозғады
Танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына қатысты жан сырын ақтарып, өткен өмірінде көрген қиындықтарымен бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесі бала кезде де, есейген шағында да зорлық-зомбылық көргенін, ал продюсер Баян Алагөзова ұсынған «Бақыт» фильміндегі басты рөл сол естеліктерді қайта жаңғыртқанын жеткізді.
«Баян маған тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы "Бақыт" фильмінде басты рөлді сомдауды ұсынды. "Сен бұл рөлді мінсіз алып шығасың, сенің ойнағаныңды қалаймын" деді. Сценарийін оқыдым, алайда соңына дейін шыдай алмадым. Көзімнен жас тоқтамай, аяқ-қолым дірілдеп, жан дүнием қопарылып кетті. Барлық жан жарам ашылып, бала кездегі психологиялық жарақаттарым қайта оралғандай болды. Содан Баянға кері хабарласып, бұл рөлде ойнай алмайтынымды айттым. Кейін режиссер Асқар Ұзабаев хабарласып көндіруге тырысты. Бірақ мен жылап тұрып: "Бала кездегі жарақаттарым бойынша психологпен терең жұмыс істеп жүргеніме 6 жыл болды, бұл рөлді ойнай алмаймын" деп бас тарттым», — деді ол.
Сонымен қатар әнші қоғамдағы өзекті мәселелер мен оқырмандарынан келетін хаттарға тоқталып, ата-аналарды баланың көзінше ұрыс-керіс шығармауға үндеді.
«Жамбылда басы қатерге ұшыраған Мәдинаның оқиғасын айтқым келеді. Тіпті жақында ғана бір келіншек маған "Күйеуім көліктің астына түсіп өл дейді, күнде айқай-шу, алты балам бар. Егер бір әйелдің көлік астына түсіп қайтыс болғанын естісеңіз, ол менмін" деп жазыпты. Жалпы баланың көзінше ұрсып, төбелесуді доғарыңыздаршы. Баланың миы таспа сияқты, бәрін жазып алады да, кейін оның болашағына кері әсер етеді. Бұл нәрсе анадан балаға беріледі. Сондықтан бала өмірге келген соң барлық махаббатты беріп, оларға өмірдің жарқын жағын көрсетіп өсіріңіздерші», — деп түйіндеді Айгүл Иманбаева.
Соңғы жаңалықтар