Комик Аңсаған: Әкем нан алуға шығып, 10 жылға жоғалып кетті
Стендап-комик Аңсаған Сәдірханов әкесінің отбасынан кетіп қалған кезеңін еске алып, бұл оқиғаның өзіне аса ауыр тимегенін айтты. Ол бұл жағдайды трагедияға айналдырмай, өмірдің бір бөлігі ретінде қабылдағанын тілге тиек етті, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол «Замандас» подкастында айтты.
«Ол кезде мен екінші-үшінші сыныпта, шамамен 8-9 жаста едім. Ол жаста бала болған соң, жағдайды толық түсіне де бермейсің. Басында «2 аптаға кеткен шығар» деп ойладым. Ал ол 2 апта емес, 10 жылға созылып кетті. Ол жай ғана отбасынан кетіп қалды. Дегенмен, біз оның тірі екенін білетінбіз. Бірақ бұл «көз жасын төгіп, жылайтын» жағдай емес еді. Жай ғана кетіп қалды. Мұндай оқиғаларды «нанға кетемін деп, қайтып оралмады» дейді ғой, алайда біздің үйде тіпті нан да болмаған», — деп оқиғасын бөлісті Аңсаған Сәдірханов.
Сөз арасында ол әкесінің кетіп қалғаны жанына қатты бата қоймағанын жеткізді. Себебі ол айналасынан дәл осындай, тіпті бұдан да қиын жағдайларды көрген. Басқалардың тауқыметіне қарап отырып, өз басындағы жағдайды трагедияға айналдырмауды үйренген.
«Егер мұндай жағдай жалғыз менің басымда болса, мұңайып, салым суға кетер еді. Бірақ біздің айналамызда мұндай отбасылар әбден көп. Тіпті бұдан да сорақы жағдайларды бастан кешіріп жатқандар бар. Осының бәрін көре тұра, «Неге бұл тек менің басыма келді? Неге олай болды?» деп қайғырудың қажеті канша? Бұл – көптің басында бар жағдай, соны қалыпты қабылдап, ары қарай өмір сүру керек. Осындай бір оқиғалар болған еді», — деді комик.
Сөзін жалғай отырып, ол Өзбекстанның Мұрынтау ауылынан Қазақстанға көшіп келген танымал тұлғалардың аз емес екенін атап өтті. Бұл шағын ғана елдімекеннен талай өнер мен спорт жұлдыздары шыққан. Ол бұл азаматтардың арасындағы ментальды ұқсастықты, балалық шақтағы ортақ естеліктер мен тығыз бауырластық байланысты тілге тиек етті.
«Мен Өзбекстанда, Мұрынтау деген ауылда дүниеге келгенмін. Негізі Өзбекстаннан Қазақстанға көшіп келген танымал азаматтардың көбі — сол бір өңірдің тумалары. Мысалы: Әлем, Ернар Айдар, Шавкат Рахмонов — бәрі де сонда қалып қойған қазақтардың ұрпағы. Ал Мейіржан екеуіміз, тіпті, бір рудан боламыз. Көрдіңіз бе, кейде біздің менталитетіміз бен әзілдеріміздің ұқсастығын байқаймын. «Ә-ә, біздің балалық шағымыз да, ортамыз да шамамен бірдей болған екен ғой» деп ойлап қоямын.
Соңғы жаңалықтар