Конституцияға енгізілетін түзетулер Алматы жұртшылығымен өткен кездесуде түсіндірілді

06.02.2026 18:41 Арман Ермеков
Конституцияға енгізілетін түзетулер Алматы жұртшылығымен өткен кездесуде түсіндірілді
54

Алматыда Мәжіліс депутаттары мен қоғам белсенділері Ата заңға енгізілетін өзгерістерді талқылады, деп хабарлайды Politico.kz.

Қаладағы Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездескен Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия өкілдері маңызды құжаттың жай-жапсарын түсіндірді. Жиынға қатысушылар жаңа жобаны қолдап, мұны саяси жаңғырудың басты кезеңі деп бағалады. Әсіресе билік тармақтарының өкілеттігін қайта бөлу, Парламент рөлін күшейту және азаматтардың құқығын қорғау мәселесі сөз болды.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи қоғамдық диалогтың ашық болуы керектігін айтты.

«Сындарлы сын шектелмеуі тиіс. Ашық талқылау мүмкіндігінің өзін қоғамдық құндылық ретінде бағалауымыз қажет. Тек диалог арқылы ғана қоғам қабылдайтын әрі ұзақ мерзімде тиімді жұмыс істейтін шешімдерге қол жеткізуге болады», – деді Ермұрат Бәпи.

Ал депутат Ерлан Саиров сыртқы қауіп-қатер кезінде мемлекеттің тұрақтылығы маңызды екенін алға тартты. Оның сөзінше, жаңа құжатта елдің аумақтық тұтастығын сақтау тетіктері қарастырылған.

«Жаңа Конституция жобасында жаһандық саясаттағы тұрақсыздық жағдайында елдің тұрақтылығы мен аумақтық тұтастығын сақтауға арналған тетіктер қарастырылған», – деді Саиров.

Комиссия мүшесі Үнзила Шапақ Конституцияның кіріспе бөлігіне тоқталды. Ол Ата заңда ұлт бірлігі мен шекараның мызғымастығы нақты жазылуы тиіс екенін жеткізді.

«Конституция – мемлекет пен халық арасындағы қоғамдық келісімнің көрінісі. Преамбулада ұлт бірлігі, мемлекеттің унитарлық сипаты, шекаралардың мызғымастығы мен аумақтық тұтастық нақты бекітілуі тиіс», – деді Үнзила Шапақ.

Қоғамдық кеңес мүшелері де өз пікірлерін білдірді. Совет Сейітов жастарды референдумға белсенді қатысуға шақырды.

«Бұл – баршамыз өмір сүретін Конституция. Ең алдымен, жас ұрпақ үшін. Сондықтан бейжай қалмай, алдағы референдумда талқылау мен дауыс беруге белсенді қатысу маңызды», – дейді Сейітов.

Богдан Джепка заман талабына сай цифрландыру мен жасанды интеллект мәселелерінің ескерілгенін құптады.

«Бүгінде әлем қарқынды өзгеріп жатыр: цифрландыру, жасанды интеллект, жаңа әлеуметтік сын-қатерлер. Осы тұрғыда Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер дер кезінде қолға алынып отыр», – дейді Богдан Джепка.

Сондай-ақ ол сайлауда әйелдер мен мүгедектігі бар жандарға берілетін 30 пайыздық квотаның сақталғанын оң бағалады. Жиын соңында қоғам белсендісі Рустам Қайрыев өзгерістерді халыққа қарапайым тілмен түсіндіру қажеттігін еске салды.

«Азаматтардың ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін нақты түсінуі үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да қолжетімді форматта түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды», – дейді Қайрыев.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынылған реформаларды қолдайтынын жеткізді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий