Кооператив басшысы мүгедектер мен жетімдердің пәтерін тартып алмақ болған
Қаржылық мониторинг агенттігі әлеуметтік осал топтарға арналған пәтерлерді заңсыз иемдену фактісі бойынша тергеу бастады, деп хабарлайды Politico.kz
«Агенттік Бас прокуратураның үйлестіруімен Сот әкімшілігінің ішкі қауіпсіздік бөлімшелерімен бірлесіп, әлеуметтік осал топтарға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және мүгедектігі бар адамдарға арналған пәтерлерді заңсыз иемдену фактісі бойынша тергеу бастады», — делінген мәлімдемеде.
«Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің басшысы Айдын Байжұманов 2014-2016 жылдары пайшылардың ақшалай қаражатын жымқырғаны үшін 8 жылға сотталған.
Кейін әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған тұрғын үйлердің құрылысыy Астана әкімдігі аяқтаған. Алайда босатылғаннан кейін Байжұманов жаңа заңсыз схема әзірлеген.
«Бұл схема «өткен күнмен рәсімделген» жалған құжаттарды пайдалану арқылы пәтерлерді заңсыз иемденуге бағытталған. Нәтижесінде 80-нен астам «жалған үлескер» жәбірленуші деп танылып, уәкілетті ұйымнан 170 жылжымайтын мүлік нысанына заңсыз құқық алған», — делінген мәлімдемеде.
Пәтерлерді өтеусіз алғаннан кейін Байжұманов пен оның сыбайластары оларды үшінші тұлғаларға сатуды жоспарлаған.
Осылайша жалпы құны 2,3 млрд теңгеден асатын пәтерлерді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді. Күдіктілерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Тергеу жалғасуда.
Соңғы жаңалықтар