"Королева болып өстім": Жеңіс Ысқақова отбасы туралы айтты
Белгілі өнер иесі Жеңіс Ысқақова ұлттық тәрбие, отбасылық құндылықтар және ұрпақ сабақтастығы мәселелеріне қатысты өз көзқарасын білдірді. Әнші бала тәрбиесіндегі ата-ана өнегесінің рөлін ерекше атап өтіп, дастарқан басындағы әңгімелер мен таңғы астың тәрбиелік мәнін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол Oilau подкастында әңгімеледі.
«Қазақтан асқан дана халық жоқ. Біздің әке-шешелеріміз дастарқан басында отырғанда-ақ әңгімесімен бізді тәрбиелеп отыратын. «Балалар, сен андай бол, сен бұндай бол» деп ешкім айтпайды. Ата-ананың өзі қандай өмір сүрсе, бала соны көріп өседі. Сол дастарқан басында: «Дастарқанның берекесін қашырмаңдар, дастарқан басында көп сөйлемеңдер», «Таңың қалай басталса, күнің де солай өтеді» дейтін. Біз дастарқан басында таңғы астан... Мысалы, менің әкем өзі ерте тұратын. Қызылордада сағат жетіде күн шығады. Сол кезде: «Әй, тұрыңдар, таңғы асқа тұрыңдар!» дейді. Баламыз ғой, ұйықтағымыз келеді. «Таңғы асқа тұрыңдар, күн шыққанша тек өлген адам ғана жатады» дейді. Сол кезде атып тұрасың. Сосын дастарқанда бәрі болады: қаймақ, нан... Менің анам таңғы сағат сегізде жұмысқа кететін. Соған дейін ошақта нан пісіп, самаурында шай қайнап, күбіде айран пісіліп жататын. Жаңа піскен ыстық нан, май, шай — таңертең бәрі дайын тұратын. Соның бәріне анам үлгеретін. Біз бес баламыз. Сонда тәрбиенің бәрі сол таңғы астан басталатын еді», — деді әнші.
Сонымен қатар, Жеңіс Ысқақова өзінің отбасында ата-анасынан көрген тәлім-тәрбие үлгілерін қалай қолданатыны туралы да ой бөлісті.
«Мен де айтып отырамын: таңғы ас берекелі, мол болуы керек, балалардың қарны да, көзі де тоқ болуы керек. Мен оларды арнайы тәрбиелеген жоқпын. Әкем мен анамнан көрген дастарқанды жайдым, солардан естіген сөздерімді айттым. Олар әрдайым: «Оқысаң — өзің үшін, оқымасаң да — өзің үшін. Жалған баға үшін оқыма, білім үшін оқы» дейтін. Оның үстіне қыз балаға көп тыйым салатын. Әкем қыз баланың бетіне қарап қатты сөйлемейтін, керісінше еркелетіп өсірді. Төрге отырғызатын, үйдің «королевасы» болдым десем де болады. Менің айтқаным заң еді. Тіпті әпкелерім: «Бірдеңені бүлдіріп алсақ, шешеміз ұрыспасын деп "Жеңіс істеді" дей саламыз, сонымен аман қаламыз» деп айтып отырады. Бәрін түсініп тұрған соң, еркеліктің де шегін білесің ғой», — деді Жеңіс Ысқақова.
Жұлдыз қазіргі уақытта өз балалары мен келініне отбасылық дәстүрлерді дарыту, оның ішінде таңғы аста бас қосу мен өзара қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталып өтті.
«Мен де балаларыма әкемнен үйренген, анамнан естіген өмір салтын дарытумен болдым. Қазір келініме де: «Таңғы ас дайын, таңға дейін жүріп келсең де, бәріміз бірге отырып шай ішейік. Бір-біріміздің жүзімізді көрейік, күнімізге сәттілік тілейік. Қазір Алматыда көшеге бір шықсаң, кешке дейін кептелісте жүресің. Ана жерде шаруаң бар, мына жерде шаруаң бар, кешке шаршап бірақ ораласың. Сол себепті таңертең бас қосып, бір-бірімізге сәттілік тілеп, дастарқанымыз мол болсын, осы күнге, берген ризық-несібесіне, аман-есен оянғанымызға Аллаға шүкіршілік етіп, жұмысымызға тарасайық» деймін. Кешкісін оралғанда: «Аман-есен келдің бе, күнің жақсы өтті ме?» десең болды. Адамға кішкене көңіл мен жылы сөз ғана керек. Балам, келінім, күйеуім үйге кіргенде-ақ олардың қандай көңіл-күймен келгенін сеземен. Көңілсіз болса: «Басың аман ба? Қалғанының бәрі — шешілетін дүние» деймін. Өзім артық кеткен жерім болса, кешірім сұраймын, оның еш айыбы жоқ. Ашу үстінде адам байқамай артық айтып қалуы мүмкін», — деді әнші.
Сөз соңында Жеңіс Ысқақова заман ағымы мен қоғамдағы өзгерістерге тоқталып, ұлттық дәстүрлер мен үлкенге құрметті сақтаудың маңызды екенін жеткізді.
«Баяғыда анам: «Ойбу, мына заман не болып бара жатыр?» дегенде, әкем: «Заман жақсы, адам бұзылып бара жатыр» дейтін. Кейбір ағалар аға екенін, кейбір інілер іні екенін ұмытып бара жатыр. Іні деген ағаға ешқашан қарсы шықпаған. Бұл — адамды аздыратын жан-жақтағы ақпараттың әсері. Тағы да айтамын, дәстүрімізден алыстаған сайын, қазақи қасиетімізді де жоғалтамыз. Сондықтан отбасымызда қазақтың дәстүрін ұстануымыз керек, тәрбиенің өзі — үлкен мәдениет. Бала күнімізде апамыз ағаларымызды ұрып жатқанда, олар бір сөз қайтарса, одан бетер таяқ жейтін. Бізде үлкенге қарап сөз қайтармау керек, ал үлкендер кішіні себепсіз басып, қорламауы тиіс», — деді әнші.
Соңғы жаңалықтар