Косметолог: Қал мен сүйелді қанату — қатерлі ісікке әкеледі
Беттегі дақтар мен терідегі өзгерістер — тек эстетикалық проблема емес, ол ағзадағы ішкі дерттердің белгісі болуы ықтимал. Косметолог Гүлжанат Мұхтарханның айтуынша, мұндай мәселелерді козметикалық кремдермен ғана бүркемелемей, себебін анықтап емдеу қажет, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы косметолог журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында әңгімеледі
«Дақты кетіремін деген кісілер ең алдымен ол дақты емдеуі керек. «Түнгі, күндізгі кремдерді жағып жүрсем кетіп қалады» деген дұрыс емес. Дақ деген — терінің ауруы. Оны емдеуге кішкене ұзақ уақыт кетеді. Егер емдейтін болса, ішіндегі меланинді ыдыратып, теріні емдеп, жасартады әрі тарттыруға болады. Ондай нәтижелер бізде өте көп. Дақтың өзі бірнеше түрлі жағдайдан пайда болады. Кейбір адамның бауыры, асқазаны ауырғаннан, күннен, өттің қоюлығынан, гормондардың бұзылуынан және әртүрлі ішкі ағза ауруларынан дақтар шыға береді. Сондықтан дақтың түріне қарай, біз кейбір дақтарды емдеп кетіреміз. Мысалы, бауыр немесе асқазан ауруынан шықса, оның қайта шығып кетпеуіне кепілдік бере алмаймыз. Сондықтан ондай адамдар ол дақты емдемесе, ол қалыңдай береді, бүкіл бетті қаптап кетеді. Сондықтан оны емдеп отыру керек және бауырды, ішті де емдеу қажет. Сол кезде одан тез құтылуға болады», — деді Гүлжанат Мұхтархан
Сонымен қатар маман тері бетіндегі құрылымдарды механикалық түрде зақымдаудың ауыр салдарына тоқталды. Әсіресе, күнделікті гигиеналық процедуралар кезінде меңдерге зақым келтіру қатерлі ісік қаупін тудыруы мүмкін.
«Адамдар теріге бір нәрсе шықса — мысалы, ер жігіттер сақалын қырғанда немесе басқа кезде тиіп кетіп, оны үнемі тырнап жүреді. Немесе меңдер болса, оны қышып, тырнап жүреді де, оған мән бермейді. Ал қазіргі әлемде тері рагының туындауына ең көп себеп болатын осы жағдай екен», — деді Гүлжанат Мұхтархан.
Маманның айтуынша, терідегі кез келген өзгеріске бейжай қарамай, дер кезінде дәрігерге қаралған жөн. Меңдердің пішіні мен түсінің өзгеруі шұғыл тексерісті талап етеді.
«Қал емес, мынадай: бір нәрсеге тырналып қалады. Мысалы, көптеген кісі сақалын қырғанда бір нәрсені тигізіп алады. Меңдер болады ғой, соған тиіп кетеді. Ол қанайды, бірақ адамдар оған мән бермейді. Одан кейін тағы да тиіп, сөйтіп жалғаса берсе немесе меңдерді тырнап қойса, я болмаса сүйелдер шықса, оны да тырнап жүрсе — осының бәрі қазіргі кезде тері рагын ең көп тудырып жатқан себептер екен. Сондықтан бір жеріңіз қайта-қайта қанап қалса, оған қол тигізіп, ұстай беруге болмайды. Одан кейін меңдер көбейіп жатса, оны тексертіп, алдырып тастаған жақсы. Кейбір меңдер кішкентай, сары болып тұрады да, жас ұлғайған сайын қарайып, үлкейіп кетеді ғой. Ол өзгеріске түсуі мүмкін. Сондықтан қышыса, қарайып, түрі өзгерсе, оны тексертіп, алдырып тастаған дұрыс. Сақтап қалуға болмайды», — деді косметолог.
Соңғы жаңалықтар