Коттеджі мен көлігі бар зейнеткер екі баласы бар жалғызбасты қызынан алимент талап еткен

15.06.2026 10:48 Әсел МҰРАТ
Коттеджі мен көлігі бар зейнеткер екі баласы бар жалғызбасты қызынан алимент талап еткен
280
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Балқашта зейнеткер қызына қарсы 10 АЕК не 43 250 теңге алимент өндіріп алу туралы талап арыз берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Балқаш қаласының зейнеткері сотқа қызынан ай сайын өз күтіміне 10 АЕК мөлшерінде алимент өндіру туралы талап қою жолдаған. Ол күнделікті тұрмысқа және дәрі-дәрмек сатып алуға қаражат қажет екенін, алайда қызының материалдық көмек көрсетпейтінін айтқан. 

«Неке және отбасы туралы» кодекстің 145-бабына сәйкес, кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз және көмекке мұқтаж ата-аналарын асырауға міндетті. Алайда Балқаш қалалық соты талап қоюшының ай сайын 128 229 теңге көлемінде зейнетақы алатынын, сондай-ақ оның екі қабатты тұрғын үйі мен Mitsubishi Montero Sport автокөлігі бар екенін анықтаған.

Қызы бұл талаппен келіспей, жалғыз өзі екі баланы тәрбиелеп отырғанын, олардың әкесінен алимент алмайтынын және сатушының көмекшісі болып жұмыс істеп, айына 85 мың теңге жалақы алатынын түсіндірген. 

Оның айтуынша, әкесі материалдық көмекке мұқтаж емес, өйткені ол коттеджде жалғыз тұрады, автокөлігі бар, зейнетақы алады және дәрігерлер оған тек дәрумендер ғана тағайындаған.

Сот талап қоюшының көмекке мұқтаж адамдар санатына жатпайтынын атап өтті. Зейнеткер емделуге тұрақты шығындардың бар екенін, үздіксіз күтімді қажет ететінін немесе қолындағы қаражаттың негізгі өмірлік қажеттіліктерін өтеуге жеткіліксіз екенін растайтын сенімді дәлелдеме ұсынбаған. Сонымен қатар оған ұлының материалдық көмек көрсететіні анықталған.

Сот сондай-ақ талап қоюшының зейнетақы мөлшері ең төменгі жалақыдан жоғары екенін және тараптар арасында бұрыннан қалыптасқан келіспеушіліктер бар екенін ескерген. Соттың пікірінше, талап қоюдың негізгі себептерінің бірі де осы жағдай болған. 

Сот жағдайды ескере келе, талап арызды қанағаттандырған жоқ.

Сот шешіміне шағым түскен жоқ және ол заңды күшіне енді.

Войдите, чтобы оставить комментарий