"Көз алдымызда болды": Риддерде жасөспірімнің өліміне себеп болған арқанға қатысты күдікті ұсталды
Риддерде мотоцикл тізгіндеген жасөспірімнің қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz Astana.tv арнасына сілтеме жасап.
Оқиғаға куә болғандар жантүршігерлік сәтті көздерімен көргенін айтып берді:
"Достарыммен бірге Вильгельм Пик көшесіне, қиылысқа таяп қалған едік. Жанымыздан екі мотоцикл өтіп кетті. Сәл жақындай түскенімізде, бұрылыстан-ақ олардың құлап түскенін байқадық. Бағанның жанында бір ер адам арқан ба, кабель ме, әйтеуір күңгірт бірдеңені орап жатыр екен. Артынан патрульдік көлік келіп тоқтады. Бұл оқиға көз алдымызда болды", – дейді куәгерлердің бірі.
Тергеудің алдын ала болжамы бойынша, жасөспірім көше бойындағы бағанға жылқы байланған арқанға соғылып, оқиға орнында көз жұмған. Көлік құралында бірге болған 15 жастағы жолаушы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта күдікті полицияға жеткізіліп, «Абайсызда қазаға ұшырату» бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Дәрігерлердің мәліметінше, аурухананың травматология бөліміне түскен 15 жастағы қыздың жағдайы тұрақты, оған жеңіл ми шайқалуы диагнозы қойылған. Қазіргі таңда оған медициналық көмекпен қатар психологтар да қолдау көрсетуде.
Соңғы жаңалықтар